Қарағанды облысының тумасы, қазақ тілін жетік меңгерген Альбина Девивые орыс тілін білмейтініне кейде ұялатынын айтты. Бұл туралы Aikyn.kz Azattyq Rýhy YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Кейде «неге орыс тілін білмеймін» деп жылап аламын. Менің бірге оқыған достарым «орыс тілін неге білмейді? Емтиханды жақсы тапсыратын шығар деп ойлайтын. Алайда мен одан ұялғаннан емтиханға ең соңынан кіретін едім. Мұғалімдер мені үнемі қолдап отырады. Кейде орыс тілін не үшін білуім керек?» деп те ойлаймын», – дейді Альбина Девивые.
Девивые отбасы қазақтың дәстүрін ұстанған, отбасы мүшелері тек қазақ тілінде сөйлейді.
Оның пікірінше, патриот болу – туған жер мен туған тілге деген құрмет көрсету. «Патриот – өзінің тіліне, туған жеріне деген құрметпен қарайтын адам. Біз басқа ұлттың баласы болсақ та, отансүйгіштік сезіммен қазақ тілінде сөйлеп жүрміз. Бірақ «қазақша сөйлегенін міндет қылды» деп ойлайтындар бар екен. Бұл – қате ой. Қазақша еркін сөйлейтініміз біздің отансүйгіштігіміздің бір көрінісі деп айтар едім», – дейді ол.