Алматы қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері ұрлық жасағаны үшін күдікті 28 жасар Әубәкірді айдауыл қызметіндегі көлікпен уақытша ұстау мекемесіне алып келе жатты. Бір кезде формадағылардың тамақ жегісі келіп кетті. Енді тамақ дегенде басқа шаруа күте тұрады емес пе? Өйткені аш қарын майлы ас жемей жұбанар ма?
– Әй, біз келгенше тыныш отыр. Қыбырласаң, біреулерге сыбырласаң, әкеңді танытамыз, – деп доқ көрсетті күдіктіге айдауылдың бірі.
– Қашпақ болсаң, көзіңе көк шыбын үймелетеміз, – деп екіншісі ұрыны тықсыра түсті.
Мұнан соң олар есікті тарс жауып, асханаға кіріп кетті. Қауқылдасып қанша уақыт отырғандарын ешкім де білмейді. Бірақ қарындарын сипап қайтып келгенде жер сипап қалды. Айдауыл қызметіндегі көлік орнында тұр. Бірақ күдікті көрінбейді.
– Әй, тығылмақ ойнамай шық бері. Кетуіміз керек, – деді айдауылдың бірі төңіректі азан-қазан етіп.
– Шаруаңды бітіріп болсаң кел бері, – деді екіншісі.
Бірақ күдікті кешіге берді. Расында, ол шаруасын бітіріп қойған еді. Құлыпты өзі білетін әдіспен бұрап ашып, маңайда қыбырлаған, жыбырлаған жан пенде көрінбеген соң таса-тасамен безіп бара жатқан болатын.
Айдауылдар алақ-жұлақ етіп әрі жүгірді, бері жүгірді, күдіктіні таба алмады. Қашқын «маңғыт, ауыздарына саңғыт» деп ұзап кеткен еді.
Әрине, аңқау айдауылдар қатаң қызметтік жауапкершілікке тартылды. Бірақ өкіметтің құрығынан ұзап қайда барады? Күдікті Алматы қаласының бір түкпірінде тығылып жатқан жерінен қолға түсті.
– Тығылмақ ойнап едім, – деп қарқ-қарқ күлді қайта ұсталған ұры.
Әрине, ойнаған жақсы-ау. Бірақ оның ойыны бірнеше айдауылдың сорына айналды.
Бүгінде қызметтерінен босап қалғандардың асхана көрсе асқазандары ауыратын көрінеді. Іштері қыж-қыж қайнамай қайтеді, айдың-күннің амандығында жеп отырған нандарынан айырылып қалса.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ