Көпірбай бала кезінен отшашуды жақсы көреді. Сағат дәл он екіні соққанда далаға атып шығып, балалармен қосыла отшашу атып, мәз-мәйрам болады. Биыл да ол бірнеше отшашуды алдын ала дайындап қойды. Ауылдың үстін жап-жарық етіп, иттерді қасқыр келгендей шабаландырып, қызыққа бір батпақ.
Отшашу
223
оқылды

Ол сағаттың соғылғанын асыға күтті. Етті бағана жеп алған. Теледидар алдына келіп, жайғасып отырып алды. Қасында бір көкмойын сорайып тұр. Әншейінде келе қалатын он екісі құрғыр мысық­табан­дап алға жылжымай-ақ қойды. Кино көргенсіді, концерт тамашалады.

– Жаңа жылыңмен! – деп бәйбішесін құттықтады.

– Балалардан ұялмайсың. Атауыңды ана бөлмеге барып іш, – деп бәйбішесі ұрысты.

– Осы сенің-ақ қабағың бір ашылмай­ды. Енді Жаңа жылда ішпегенде қашан ішемін? Мереке емес пе? – деп Көпірбай себеп-салдарын көлденең қойды.

– Сен мереке болмай-ақ қу арағыңды қоймайсың, – деп бәйбішесі тепсініп сыртқа шығып кетті.

Осы сәтті пайдаланып, Көпірбай қырлы стақанға шөпілтете құйып, бір толғап, тартып жіберді. Маңдайынан шып-шып тер сорғалады.

– УФ! Жаным кіріп қалды ғой, – деп Көпірбай дәсорамалын алып, тершіген маңдайын сүртті.

Осыдан соң-ақ уақыт  жүріп кеткендей болды. Міне, сағат тілі он екіге қарай сырғып барады. Көпірбай стақанға тағы да арақ құйып, қоңырау соғылған сәтті тағатсыздана күтті. Сағат тілі дың-дың етіп соғылғанда Көпірбай баяғыда сүйегіне қына шығып кеткен әкесі тіріліп келгендей қуанып, сайтансуды «А, жарықтық! Төмен қарай зула!» – деп қомағай тамаққа тастап кеп жіберді.

Сосын отшашуларды алып, далаға атып шықты. Күкіртін алып, отшашуды аспанға қарай бағыттады. Тұс-тұстан тарсыл-гүрсіл көбейді. Балалар шулап мәз. Көпірбай да көңілді. Немерелерімен  жарысып бірнеше отшашуды атып тастады.

Кенет «Ойбай! Өрт шықты! Өрт!» деген біреудің жан дауысы шықты. Қараса Көпірбайдың қорадағы шөбі өртеніп жатыр. Ала жаздай арбамен тасып жинаған қайран дүние көз алдында күлге айналып барады. Көпірбай жалма-жан құдыққа қарай жүгірді. Қауғамен су тартып, шелекке құйып, жанып жатқан шөпке шашты. Оған көршілер де көмекке келді. Бірақ екпіндеп алған өрт бой берер емес. Қызыл жалын Көпірбайға жылан болып көрінді. Қып-қызыл тілін сумаң­датып, шөпті жалмап барады.  Әлден соң бір шөмеле шөптің күлі ғана қалды.

– УФ! – деп жерге шөкелеп отыра кетті Көпірбай.

– Атауыңды ішкір! Іш енді арақты. Малыңа шөпті енді қайдан тауып берер екенсің? – деп онсыз да іші өртеніп отырған Көпірбайды бәйбішесі табалады.

– Баламен бала болып, отшашу шаш­қан сенің не теңің? Ата сақалың аузыңа түскенше не арағыңды, не отшашуыңды қоймадың. Мына елге енді қай бетіңмен қарайсың? – деп бәйбішесі одан сайын жерлей түсті.

Көпірбай отшашулардың босап қалған құтыларын жинап жүр. 

– Малыңа енді соларды берерсің, – деп бәйбішесі тағы бірнәрсені бастап келе жатыр еді, Көпірбай қолындағы таяқтың бірін әйеліне қарай атып жіберді. 

Бәйбіше мысықша баж ете қалып, үйге кіріп кетті. Ұрынарға қара таппай жүрген Көпірбай үйінді күлге айналған шөбінің орнына келіп, қара жерді бір тепті.

– Биыл ауыл үстін­дегі отшашу былтыр­ғыдан көп әрі әсерлі болды. Оған мен де жақсы үлес қостым, – деп Көпірбай қасына келген көршісіне мақтанды.

– Жүдә жақсы отшашу болғаны соншалық, шөбіңнің жалыны да ауылды жап-жарық етіп жіберді, – деп көршісі мысқылдай күлді.

Көпірбай оның мысқылын өзінше жорыды. «Менің отшашуды басқалардан көп шашқанымды көре алмай тұр» деп ойлады.

Иә, әркім әрқалай күледі. Ертесіне бүкіл ауыл «Көпірбай көкенің отшашуы керемет болды» деп шуласты. Көпірбай келесі жылы бұдан да көп отшашу алып қоймаққа бекінді.

Келесі күні ол көршілеріне барып, бір арқа шөп сұрап жүрді. «Көктемге дейін әлі қанша уақыт бар? Малыңды сатсаң да шөп алсаңшы» дейтін біреу әзірге табыл­май тұр. Алайда Көпірбайдың Көпірбай аты ұмытылып, «Отшашу» атанды.

Соңғы күндері Көпірбайдың түсіне кілең бір жыландар кіретін болып жүр. Қызыл тілдерін жылт-жылт еткізіп көр­пе­сіне қарай жақындап келе жатады. Көпірбай шошып, айқайлап оянады. «Мынаны жын иектейін деп жүр ме?» деп бәйбішесі қорқа бастады.

Міне, Көпірбай көкеміз тағы да түс көріп жатыр. Аспанға атылған отшашу түрлі өрнек салып жайылды да төмен құлдилағанда алып жыланға айналды.

– Жылан! Жылан!  – деп орнынан атып тұрған Көпірбайды бәйбішесі тыныш­тандырып, таңдайын басты. 

Артынша, ауыл молдасының үйіне қарай кетіп бара жатты. Кім біледі, ұшықтатып жібермесе болмас...

С. ДӘНІҚҰЛҰЛЫ