* * *
Айбар асығып жүр,
Айдар ашығып жүр.
Айбар асығып жүріп,
Ашығып қалмасын!
Айдар асығып та,
Ашығып та қалмасын!
* * *
Айым шәйнек сындырды,
Қайым әйнек сындырды.
Шәйнекті Айым сындырды,
Әйнекті Қайым сындырды.
* * *
– Орал Оралдан оралды ма?
Оралдан Омар оралды ма?
– Орал, Омар, Арал, Марал,
Яғни, олар Оралдан оралды.
* * *
Адам ата мен Хауа анадан
Абыл мен Қабыл туады.
Қабыл мен Абыл
Хауа ана мен Адам атадан туады.
Сонда Абыл Қабылдың ағасы ма?
Әлде Қабыл Абылдың ағасы ма?
– Абыл – Қабылдың ағасы, – дейді
Жаңыл да, Табыл да,
Оны өзің зерттеп,
зерделеп қабылда!
* * *
Қанағат «Қағанаттың»
тағамына қанағаттанды,
Жамағат та «Қағанаттың»
тағамына қанағаттанды.
Қанағат «Тағамның» да
тағамына қанағаттанды,
Жамағат та «Тағамның»
тағамына қанағаттанды.
Қанағат та, жамағат та
«Қағанат» пен «Тағамның»
тағамына қанағаттанды.
«Қағанат» пен «Тағам» да
Қанағат пен жамағаттың
тағамға деген
талғамына қанағаттанды.
Ескерту: «Қағанат» пен
«Тағам» – асхананың аты.
* * *
Шопыр лағып кетті,
Лағып кетті де,
Бір лақты қағып кетті.
Бір лақ лағып кетті,
Лағып кеткен лақты,
Шопыр қағып кетті.
Лаққан лақ айыпты ма?
Лаққан лақты қаққан айыпты ма?
Оны бағалатшы байыптыға,
Жазасын берсін лайықтыға.
* * *
Бақыттың бағы шапты,
Жақыптың бабы шапты.
Сақыптың бағы да, бабы да шапты.
Бақыттың бағы – бабы,
Жақыптың бабы – бағы.
Сақыптың бағы да, бабы да – бағы!
Бақыттың бағы шапсын,
Жақыптың бабы шапсын,
Сақыптың бағы да, бабы да шапсын!
Бақыт та, Жақып та, Сақып та
бақ тапсын!