Ұлттық музейде Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Алаш қозғалысына арналған екі ғылыми еңбектің тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Аikyn.kz
«ХХ ғасыр басындағы Солтүстік Қазақстан: Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі» (авторлары А. Ибраева, С. Мәлікова, З. Тайшыбай) атты монографиялық еңбекте Қазақстан тарихындағы Алаш қозғалысының тарихи маңыздылығы, Алаш саяси партиясының және Алашорда үкіметінің Солтүстік Қазақстандағы қоғамдық-саяси қызметі, рухани мұрасы жайында құнды мәліметтер берілсе, «Қазақстанның Солтүстік өңіріндегі Алаш қозғалысы мұрағат деректерінде» (авторлары А. Ибраева, С. Мәлікова, З. Тайшыбай, А. Темірханова) мұрағаттық құжаттар және материалдар жинағы Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы архив қорларының материалдары негізінде құрастырылған.
Сондай-ақ іс-шара аясында музейдің ғылыми қызметкері Д. Дүйсенбай Алаш қайраткері Әлти Көкенұлының атақонысын зерттеу негізінде қазақтың үй салу дәстүрін жаңғырту мақсатында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы баяндама жасап, Алаш мұрасын зерттеу және насихаттау ісінде археологияның үлесіне тоқталды.
Жиынға қоғам және мемлекет қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері мен ғалымдар қатысып, Алашорда тарихы мен Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі туралы сөз қозғады.