Қайғылы оқиға 2024 жылдың маусым айында болған.
6 жасар жиенін ваннаға тұншықтырып өлтірген шымкенттік әйел 20 жылға бас бостандығынан айырылды
Ашық дереккөз
821
оқылды

Шымкентте 6 жасар жиенін өлтірген әйелге үкім шығарылды. Ол қыздың қолын байлап, ваннаға батырып өлтірген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында ашық сот отырысында қаралды. Әйелге Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлімі ("Кәмелетке толмаған адамды өлтіру") бойынша айып тағылды.

Қала тұрғыны әпкесінің қызы екеуі Ақпан батыр көшесіндегі жалға алынған пәтерде болған.

"Жиені Е. (2018 жылы туған) оянып, жылай бастаған кезде, айыпталушы ашуланған. Әйел баланың қолы мен аяғын байлап, ұрып-соққан. Салдарынан бала есінен танып қалған. Кейін айыпталушы ваннаны суға толтырып, жиенін суға батырып өлтірген. Осылайша, қасақана кісі өлтіру қылмысын жасаған", – деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.

Прокурор әйелге 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі айыпталушыны кешіріп, қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.

Сот К.-ны кінәлі деп тауып, оны 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жазасын орта қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.