«Ашық НҚА» порталында «Астана қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» Астана қаласы мәслихатының шешім жобасы жарияланды, – деп хабарлайды Аikyn.kz BAQ.KZ сілтеме жасап.
Құжат үй жануарларын ұстау және серуенге шығарудың үлгілік қағидаларымен сәйкестендіру мақсатында әзірленді. Үлгілік қағида Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №168 бұйрығымен бекітіліп, 2023 жылғы 19 қыркүйекте өзгерістер енгізілген болатын.
Құжатта жануардан бас тарту басқа адамның үй жануарларын сатып алғанға дейін иесінің міндеттерін тоқтатуға әкелмейтіні туралы айтылады. Тұмылдырық итті алып жүру кезінде, адамдар бар жерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар белгілеген жерлерде кигізіледі, ал кейбір жағдайларда қарғыбаудың ұзындығы бір жарым метрден аспауы керек.
Сондай-ақ елді мекендерде иттерді бос жіберуге тыйым салынады. Үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын адамдарға жануарларды серуенге шығару және олармен қоғамдық орындарда және көлікте жүруге рұқсат етілмейді.
Құжат талқылауға шығарылған уақыттан бастап 10 күннен кейін күшіне енеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз