Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі қазақстандықтарға АҚШ-тағы шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз көші-қонды азайтуға бағытталған көші-қон саясатының қатаңдауына байланысты маңызды ескерту жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Елшілік АҚШ аумағындағы Қазақстан азаматтарын америкалық билік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
– Құрметті Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары! ҚР АҚШ-тағы Елшілігі Америка Құрама Штаттары шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанына назарыңызды аударады. Шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр. Қамауға алу және елден шығару сияқты мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда, – деп мәлімдеді АҚШ-тағы елшілік өкілдері.
АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл шара азаматтардың депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектеседі.
Сонымен қатар тағы бірқатар өзгеріс енгізілді:
- "Мексикада қалыңыз" саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
- "Ұста және босат" (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатынын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап немесе бірден келген еліне қайтаратын болады. Сонымен қатар азаматтар үшінші елге де жіберілуі мүмкін (мысалы, "Мексикада болу" бағдарламасы бойынша);
- Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын ала жеңілдіктер қарастырылған "CBP One" мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.
Елшілік АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты мынадай ресурстардан бақылап отыруды ұсынды:
- АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);
- АҚШ Мемлекеттік департаменті – Консулдық мәселелер бюросы
Төтенше жағдайлар немесе консулдық-құқықтық көмек қажеттілігі туындаған жағдайда, мына байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:
- Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488, ішкі 127, 109, 121;
- ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы: +1 332 207 9632;
- ҚР Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы: +1 650 741-8894.