Оқиға 24 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданындағы дүкендердің бірінің маңайында болған. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен әйел сол жерде қаза тапты. Жүргізілген сараптама нәтижесінде рульде болған полиция қызметкері ішімдік ішпегені анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тасқала ауылында «Митсубиси» көлігінің жүргізушісі артында келе жатқан әйелді қағып кетті. Ол әйел жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Жарақат алған келіншек сол жерде көз жұмды.
– «Медициналық сараптама нәтижесі бойынша көлік жүргізушісінің ішімдік ішпегені анықталды. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көлікті Тасқала аудандық полиция бөлімінде қызмет атқаратын полиция инспекторы жүргізген. Осы оқиғадан кейін ол жұмыстан шығарылды. Қазір тергеу амалдары басталды», – деп атап өтті БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұржан Қуанғали.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 1 қаңтар күні «Меловые горки» ауданында полиция қызметкері бір адамды қағып кеткен болатын. Ол жағдайда да жол апатына түскен адам қаза тауып, қылмыстық іс тіркелді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.