Ақмола облысы сүтті мал шаруашылығында инновацияларға басымдық беріп, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу арқылы биік мақсаттарға қол жеткізуді жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Целиноград ауданында Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ сауу цехының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин және облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан қатысты.
DeLaval швед бренді ұсынған роботтандырылған сауу каруселі жүйесі 5 сағат ішінде 2 000 сиырды саууға қабілетті және бір уақытта 80 сиырды қабылдай алады. Бұл жүйені бір ауысымда бар болғаны 12 қызметкер басқарады, осылайша оператордың еңбегі барынша азаяды. Сондай-ақ күн сайын әр қара мал 30 литрден астам сүт берсе, бүгінде бұл көрсеткіштің рекордын 86 литр сүт берген сиыр орнатты.
Айта кету керек, кешеннің іске қосылуы – Мемлекет басшысының өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды қадам.
«Біздің алдымызда сүт өнімдерін елордаға жеткізуді 50%-ға дейін арттыру міндеті тұр. Бұл үшін өңірде жаңа өндірістер құрылып, қолданыстағылары кеңейтіліп жатыр. Инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы тиімді қолдау құралына айналды», – деп атап өтті Мұрат Балпан.
Аталған шаралар Ақмола облысына тауарлық сүт өндірісін 90 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл өсім өңірге елорда тұрғындарын 50%-ға сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге жол ашады.
Өткен жылы өңірде жалпы саны 4,9 мың бас малға арналған бес ірі сүт-тауарлы ферма құрылды. Биыл өңірде тағы 1,2 мың басқа арналған 2 ферма іске қосу жоспарланып отыр. Бұл – Ақмола облысының тауарлы сүт өндірісін 1,5 есеге арттырып, астаналықтарды сапалы әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы қадам.