Бұған мемлекет те тиімді жағдай ұсынып отыр. Елімізде 2023 жылдан бері әлеуметтік саясат пен білім беру саласында бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылып келеді. Қолға алынған бұл реформалар мен бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, балалардың болашағын қамтамасыз етуге және білім беру жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Соның жарқын мысалы – «Келешек» жүйесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында еліміздегі бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Жолдауда: «Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуы тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», – деді. Ал жуырда, нақтылап айтсақ, 10 қаңтар күні, Президент «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысты заңға қол қойды.
Жинақтау жүйесі қандай қажеттіліктен туындады?
2023 жылы сол кездегі Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шаралар қаралған болатын. Штаб отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің едәуір артатынын атап өтіп, бүгінде мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын гранттармен қамтуға мүмкіндік беретінін, алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға дейін қысқаратынын айтқан болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде қолданыстағы қолдау шараларын біріктіретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Қандай қажеттіліктен туындады деген сұрағымызға келсек, Әлихан Смайыловтың мына бір сөзі соған жауап болардай. Мәселен, соңғы 6 жылда университеттерде оқуға арналған гранттар саны іс жүзінде екі есе өсті. «Биыл (2023 жыл) 73 мыңнан астам грант (бакалавриат) бөлінді, 2017 жылы бөлінген гранттар саны 38 мыңнан астам болған. Сондай-ақ үш жыл ішінде бір білім алушыға жұмсалатын қаражат көлемі 2019 жылғы 420 мың теңгеден 2023 жылғы млн теңгеге дейін екі есе өсті», – деген ол сонымен қатар бүгінге дейін туу көрсеткішінің өсуін ескере отырып, 2040 жылға қарай 18 жастағы қазақстандықтар саны айтарлықтай өседі деп күтілетінін, бұл ретте гранттар санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейтінін атап өткен болатын.
«Ұлттық қор – балаларға» мен «Келешектің» айырмасы неде?
Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы да бар екені мәлім. Ал енді осы екі бағдарламаның айырмашылығы мен ерекшеліктері қандай?
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесі бұл қазақстандықтардың көпшілігінің ақшасын үнемдеу және балаларын жоғары біліммен қамтамасыз ету үшін жақсы жағдай жасауға бағытталған мемлекет тарапынан қолдау көрсету шарасы. Жүйенің негізгі мақсаты – әртүрлі көздерден (ата-ана, сақтандыру компаниясы, мемлекет) түсетін қаражатты бірыңғай жинақтаушы жүйесіне жинақтау және әрбір баланың жоғары оқу орнына түсу жасына қарай жоғары білім алуды қолжетімді ету. Бір айта кетерлігі, осы Ұлттық қор мен «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінде жиналған балалардың қаражатын біріктіріп, болашақта оқуға немесе баспанаға жұмсауға болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтқан еді.
«Бұл екеуі – екі түрлі бағдарлама. Бірақ бұл ақша оқуға түскен кезде бірігіп кетеді. «Келешек» бағдарламасына тоқталсақ, қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Сол себепті де қаражаттың қай банк арқылы берілетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ банктерді таңдауда сенімді әрі қаржылай тұрақты банктерге басымдық берілетіні анық. Осы жылдан бастап кез келген ата-ана банктерге барып, арнайы қорғалған есепшоттар аша алады. Ол жерге ең аз дегенде 1 АЕК көлемінде – 3 450 теңге қаражат түсіп отырады. Бұл қаражат бала оқуға түскен уақытқа дейін жиналатын болады. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасымен жинаған ақшасы мен Ұлттық қорда жиналған ақшаны сол кезде біріктіріп, баланың білім алуына жұмсай алады. Ал егер бала грант алатын болса, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсай алады немесе оны бауырының оқуын төлеуге қалдыра алады. Бұл қаражатты жинаудағы басты мақсат – балалардың жоғары білім алуына жағдай жасау», – деді Ғылым және жоғары білім министрі. Сондай-ақ министр елімізде болашақта гранттар саны өзгеріп немесе азаюы мүмкін екендігін, сол себепті қолданысқа енгізілгелі отырған бағдарлама ата-аналарға мемлекеттік грантқа сенім артпай, баланың оқуына алдын ала ақша жинауға мүмкіндік беретіндігін айтқан еді.
Білімге құйған қаржы
Бұл ретте біз ҒЖБМ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаевпен байланысуды жөн көрдік. Ол «Келешек» негізгі моделі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) аясында жүзеге асырылып жатқанын, 2013 жылдан бастап 63 мыңнан астам банктік салымдар мен 2,5 мың сақтандыру келісімшарты ашылғанын атап өтті.
– «Келешек» жүйесінің тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға бастапқы білім беру капиталы ретінде 60 АЕК (221 520 теңге), ал жетім балаларға 120 АЕК (443 040 теңге) мөлшерінде қаражат бөлінуі көзделген, сондай-ақ жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы төленетін болады. Сонымен қатар «Келешек» ата-аналардың балалардың білім алу бағытын анықтауға қатысуын көздейді және сол арқылы ақша жинақтау мәдениетін қалыптастырады. Келешек шоттарын Екінші деңгейдегі банктерде және балаларға арналған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушылары болып табылатын сақтандыру компанияларында ашуға болады. Осыған байланысты ата-аналар шот ашқаннан кейін жыл сайын ең төменгі мөлшерде жарна енгізуге міндетті: әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін – 12 АЕК, ал қалған балалар үшін – 24 АЕК.
Заңнамалық негізде банктердің ең төменгі сыйақы мөлшері белгіленеді. Мәселен, мерзімі 1 жылға дейінгі салымдар бойынша базалық мөлшерлемеден 200 базистік пунктке төмен емес (-2%) (мысалы, егер ҰБ-ның базалық мөлшерлемесі 15% болса, жылдық тиімді мөлшерлеме 13%-дан төмен болмауға тиіс), ал мерзімі 1 жылдан асатын салымдар бойынша 300 базистік пунктке төмен емес (-3%) мөлшерінде (мысалы, егер ҰБ базалық мөлшерлемесі 15% болса, жылдық тиімді мөлшерлеме 12%-дан төмен болмауға тиіс). Сонымен бірге бұл салымдардағы қаражат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы сақтандырылған, ал сақтандыру төлемдерінің сомасы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры арқылы кепілдендірілген, – дейді ол.
«Ал егер бала білім грантына ие болса ше?» деген сауалымызға департамент директоры: «Мектепті аяқтағаннан кейін жинақталған қаражатты елдегі немесе шетелдегі колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға пайдалануға болады. Егер грантқа қол жеткізілсе, жинақталған қаражатты басқа білім алуға, үшінші тұлғаға аударуға, жинақтауды жалғастыруға, тұрғын үй алуға немесе білім туралы құжатты ұсыну шартымен жинақталған қаражатты алуға болады. «Келешек» жинақтау моделі бойынша актуарлық есептеулерге сәйкес, 18 жасқа дейінгі (13 жыл) жинақтар: - жылына 12 АЕК (44 304 теңге) жарна болғанда – 5,2 млн теңге; - жылына 24 АЕК (88 608 теңге) жарна болғанда 8,2 млн теңге болады. Орташа алғанда бір гранттың құны жылына 1 млн теңгені құрайды. Осылайша, ата-аналардың жинақтаған қаражаты, мемлекет тарапынан берілетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы, банктердің сыйақысы түріндегі инвестициялық кіріс, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қалыптасқан жинақтар сапалы білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты мақсатты бағытқа қол жеткізгеннен кейін – білім алу (Техникалық және кәсіптік білім немесе Жоғары оқу орнының дипломы), жинақ иесі «Ұлттық қор – балаларға» жобасы үлгісінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға жинақталған қаражатты аудару құқығын пайдалана алады», – деп жауап берді.
Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы, білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру қорғаныстарының болуы. Яғни, қаражаттарды жинақтаушы ата-анамен күтпеген жағдайлар болған жағдайда (1 немесе 2 топтағы мүгедектік, нәтижесінде еңбекке қабілеттілігін жоғалту немесе қайтыс болу) шарт бойынша сақтандыру жарналары тоқтатылады, бірақ сақтандыру мерзімінің соңында бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін қажетті жинақты алады. Сонымен қатар бала 5 жасқа толған кезінде, бірақ 6 жаста емес, мемлекеттен 60 АЕК мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын алады. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 120 АЕК. Және бала 18 жасқа толған кезде жинақталған соманы ұлғайту мақсатында білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша барлық қолда бар жинақтарды және Ұлттық қорда жинақталған барлық жинақтарды біріктіру мүмкіндіктері бар. Бұл дегеніміз – білім алуға жинақталған қаражаттың көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бастысы, салық жеңілдіктері қарастырылған. Үш және одан да көп жыл мерзімге жасалған Сақтандыру шарты бойынша ата-ана барлық төленген жарналар сомасының 10%-ы мөлшерінде салықтар төлеп (жылына 320 АЕК-ке дейін) үнемдей алады және 23% дейін жоғары кірістілік – 8% – сақтандыру компаниясынан кепілдендірілген табыс, 5-7% – жылдық мемлекеттік сыйлықақы, 10% табыс салығы бойынша жеңілдік жатады. «Келешек» жүйесінің қатысушысы болу үшін ата-аналар «Халық-Life» АҚ-мен Bilim Life білім беру жинақтаушы сақтандыру шартын жасасуы қажет, бұл жерде ата-аналардың жинақтарынан басқа, мемлекеттен жыл сайынғы сыйақылар және сақтандыру ұйымынан кепілдендірілген инвестициялық кірістер, сондай-ақ мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы есептелінетін болады.
коллаж: Елдар ҚАБА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңның екінші блогы креативті индустрияны қолдаудың қарқынын күшейтеді. Әр аймақта арнайы орталық қалыптастырып, қатысушыларға өз өнімдерін сатуға көмектесу көзделіп отыр. Сондай-ақ арнайы қор іске қосылады. Ол таланттарды іздеп, оларды насихаттаумен айналысады.
Әлем халқы бала біліміне қалай ақша жинайды?
Әлемнің көптеген елдерінде жалпыға бірдей тегін орта білім бар. Бірақ ешкім тегін жоғары білімге кепілдік бермейді. Әлемнің беделді жоғары оқу орындарында тегін орындардың саны аз және жыл сайын бәсекелестік артып келеді. Әлемде ата-аналар балалардың оқу ақысын төлеу мәселесін қалай шешеді? Мәселен, американдық университеттер әлемдегі ең қымбат университеттер болып саналады. АҚШ университетінде бакалавр бағдарламасында оқу құны жылына 19 мың доллардан басталады. Тұруға, тамақтануға, оқулықтарға жұмсалатын шығындардың орташа құны жылына 11 мың долларды құрайды. АҚШ-тың көптеген оқу орындары қаржылық қаражаттың болуын растайтын тиісті құжаттарды ұсынбаса, студенттердің оқуға түсу құжаттарын қарастырмайды. Осылайша, болашақ студент бір жыл ішінде оқу ақысы мен қосымша шығындарды төлеу мүмкіндігін растайды. Мәселен, 2020 жылы 10 студенттің 7-сі несие алған ақшаға оқығаны таңғаларлық емес. Көбінесе, білім беру несиелерін ауқатты отбасылардан шыққан адамдар алады (олардың табысы жылына 97 мың доллардан асады). Мемлекеттік білім беру несиелері үшін пайыздық мөлшерлемелер өте жоғары: 5-тен 7,5%-ға дейін (салыстыру үшін: жылжымайтын мүлікке арналған несие ставкалары – небәрі 4,3%). Теориялық тұрғыдан білім беру несиелері бойынша төлемдерді жеңілдетуі керек бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ іс жүзінде олар көбінесе жұмыс істемейді. Мысалы, кіші Буш бастаған 2007 жылғы бағдарлама бойынша, егер адам мемлекеттік қызметте жұмыс істесе, білім берудегі қарыздардың бір бөлігі есептен шығарылуы мүмкін. Оның өмір сүру кезеңінде 30 мың адам өтініш берді, бірақ олардың тек 96-сы қанағаттандырылған.
Ал жоғары білім мен ғылым саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Ұлыбритания білім беру жүйесінде университет пен бағдарламаны таңдау кезінде ескеру қажет бірқатар ерекшеліктер бар. Мұнда оқытуды қаржыландырудың бірыңғай жүйесі жоқ.
Tuition fees loan (оқу несиесі). Қарыздың бұл түрі Британдық жоғары оқу орындарында оқу мерзімін төлеуге мүмкіндік береді. Білім үшін төлем схемасы келесідей: қарыздарды басқаратын ұйым әр семестрде қажетті қаражатты тікелей оқу орнына аударады. Оқу несиесі жалпы мемлекеттік оқу орнында оқу құнын жабуға мүмкіндік береді. Бірақ қарыз сомасына шектеулер бар. Maintenance loan, бұл – ұстауға арналған несие. Қарыздың бұл түрі білім алушының Англия университеттерінде тұруына жұмсалатын барлық шығындарды жабады. Айтпақшы, студенттердің Ұлыбританиядағы тұрғын үйге инвестиция салуы жалға берушілер үшін өте тиімді. Бұл несиені бакалавр дәрежесін қарастыратын бағдарлама бойынша оқитын күндізгі студенттер ғана пайдалана алады. Алдыңғы жағдайдағыдай, несие әр семестрде студенттің жеке шотына түседі.
Жоғары білім алғысы келетін, бірақ қаржылық қиындықтарға тап болған студенттер санының артуына байланысты Жапония үкіметі 2017 жылы мемлекеттік стипендия бағдарламасын іске қосты. JASSO бағдарламасы оқу несиелерінің екі түрін ұсынады: пайызсыз және пайыздық (3%-ға дейін). Бағдарлама елдегі белгілі бір аймақтарда мемлекетке жұмыс істеуді көздейді.
Ал көршіміз Ресейде ата-аналар бала жаңа туылған күні депозит ашып, 18 жыл бойы бұл жинақтарға ешқашан қол тигізбестен ақша жинауы керек. Ол жақта депозиттің орнына сақтандыру жинақтаушы өнімдерін пайдалана алады. Ресейлік университеттерде білім алу ақысы жылына жүздеген мың рубльді құрайды. Бұл жағдайда балаға білім беру үшін субсидияланған несие алу керек: ресейлік банктерде мұндай өнім бар. Мемлекеттік қолдауы бар білім беру несиесін 14 жастан асқан кез келген азамат банктерден ала алады. Несие алу үшін кепілдік қажет емес. Бұдан басқа, білім алушыға (қарыз алушыға) жеңілдікті кезең кезінде білім беру кредитін өтеу бойынша кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. Қарыздың пайыздық мөлшерлемесі барлық мерзімге (15 жылға дейін) тіркелген болып қалады және 3%-ды құрайды.
ТҮЙІН:
Заңға қол қойылысымен Алматыда «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі бойынша меморандумға қол қойылды. Сәтбаев университеті Президент бастамасын қолдап, «Қаржы орталығымен» келісімге келді. Меморандум аясында университет осы жүйеге ақша жинақтағандарға 20%-дан 50%-ға дейінгі көлемде жеңілдік қарастырады. Яғни, мемлекеттік білім беру грантына ие бола алмаған, алайда «Келешек» бағдарламасы бойынша жалпы оқу құнының жартысын жинақтаған талапкер жеңілдіктерді пайдалана алады. Ең үздік инвестиция – ол білімге құйылған инвестиция дегенді айттық. Яғни, оны сізден ешкім ұрлай алмайды, тартып та ала алмайды. Мәңгілік өзіңіздің санаңызда қалады. АҚШ-тың негізін қалағандардың бірі, мемлекет қайраткері Бенжамин Франклиннің сөзі де мұны құптай түседі: «Білімге салынған инвестицияның қайтарымы (үстемеақысы) әрдайым жоғары болады», – дейді америкалық дипломат. Жалпы, «Келешектің» ел дамуына әкелер пайдасы ұшан-теңіз», – дейді сарапшылар. Себебі елдің әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігі халықтың білім деңгейіне тікелей байланысты. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, экономика өсімінің 16%-ы – физикалық капиталға, 20%-ы – табиғи капиталға, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік капиталға байланысты екен.
Наурызбек САРША