Науқастардың диагнозы дәрігерге бармай-ақ екі минутта дайын болады.
Жамбыл облысының тұрғындарына жасанды интеллект диагноз қояды
Фото: istockphoto
1,101
оқылды

Жамбыл облысында цифрлық жүйе сәулелік диагностика саласында кеңінен қолданылмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап. 

Компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, рентгенография, флюорографияға түскен адамның диагнозы дәрігерге бармай-ақ екі минутта дайын болады. Жүйе 95 пайызға дейін нақты шешім шығарады.

Жоба жыл соңына дейін жүзеге асады. Ол үшін облыстық бюджеттен 3,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға аймақтағы 392 медициналық мекемеге жоғары жылдамдықты интернет қосылып, ортақ сервер орнатылады. Соның нәтижесінде алыс аудандардағы науқас диагнозын облыстық аурухана немесе ұлттық ғылыми медицина орталығының дәрігерлері көре алады.

Жалпы, мұндай тәжірибе Түркия, АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапонияда кеңінен қолданысқа енген.  

– Жобаның арқасында бір күнде тексеруден өтетін азаматтардың және жасалатын кескіннің саны көбейеді. Флюорографиядан, рентгенографиядан өткен азаматтардың өкпе қатерлі ісігінің немесе басқа да қатерлі ісіктерге шалдыққаны КТ, МРТ нәтижесінде анықталады. Бірақ көбіне аурудың бастапқы кезеңінде оларды анықтау мүмкін емес. Мұндай кезеңде дәрігерлер де нақты диагноз қоя алмай жатады. Сондықтан бұл – дәрігерлер үшін үлкен көмек, – деп түсіндірді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Ерік Мұсабаев.