Жарна көлемі 850 мыңнан асып кетсе артық қаражатты сақтандыру қорынан қайтарып алуға болады.
МӘМС-ке артық төленген ақшаны қалай қайтарып алуға болады?
968
оқылды

Бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтардың МӘМС жүйесіне салған жарнасы мемлекет бекіткен нормадан асып кетсе, артық қаражатты қайтарып алуына болады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров министрден екі немесе үш жерде жұмыс істейтін адамдардың медициналық жарна төлеу тәртібі туралы сұрады.

«Егер азамат екі жерде жұмыс істесе, жарна екі жерден төленеді. Бірақ ол бір жыл ішінде емханаға жүгінбесе, ақшасы сол күйі пайдаланылмай қалады. Бұл әділетсіз ғой. Меніңше, әр адамға МӘМС бойынша төлемдерді бақылап, басқару әрі қандай қызмет алатыны жөнінде ақпарат алу құқы берілуі керек. Бұл ақшаны азаматтар қажет кезде медициналық қызмет алу үшін өз ақшасы секілді пайдалануы қажет», – деді депутат.

Министр сақтандыруы бар адамдарға медициналық қызмет тегін көрсетілетінін атап өтті. Екі немесе үш жерде жұмыс істейтіндерден сақтандыруға барлық жұмысынан жарна ұсталады. Осы ретте жарна көлемі 850 мыңнан асып кетсе, азаматтар артық қаражатты сақтандыру қорынан қайтарып алуға өтініш бере алады.

«Екі немесе үш жерде жұмыс істейтін азаматтардың барлық жерден жарнапұлдары ұсталады. Бірақ барлығын қосқанда ол 850 мың теңгеден, яғни 10 еселенген ең төменгі жалақы көлемінен аспауы керек. Асқан жағдайда ол адам МӘМС-тің жергілікті филиалына өтініш беріп, үстіндегі қаражатты қайтаруға мүмкіндігі бар», – деп нақтылады министр.