Үкімет республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге басқа салық түрлерін қайта бөлу жолдарын қарастыруда.
Қазақстанда әлеуметтік салық пен міндетті зейнетақы жарналары жойылуы мүмкін
1,853
оқылды

Үкімет қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін арттыру аясында әлеуметтік салық пен жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын жоюды жоспарлап отыр деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

 ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты бизнестің қосымша шығындары болатыны анық. Мемлекет бұл шығындардың орнын толтыруға дайын. Ең алдымен, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемеге назар аударғымыз келеді. Дәл осы салада біздің экономиканың басты мәселесі жатыр. Бизнес еңбекақы төлеу қорына шамамен 40% салық төлейді. Ал бұл өнімнің өзіндік құнын арттырады, – деп түсіндірді С.Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бұл жағдай өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына және оның бәсекеге қабілетсіз болуына әкеледі.

 ҚҚС мөлшерлемесін жоспарланған деңгейге дейін көтеру жағдайында, біз еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені 10%-ға төмендетіп, 30%-ға дейін азайтуға дайынбыз. Бұл әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын жою есебінен жүзеге асырылатын болады. Ал ол шығындарды бюджет өз мойнына алуы мүмкін, – деп атап өтті министр.

Министр әлеуметтік салықтың жергілікті бюджеттердің негізгі кіріс көзі екенін ескере отырып, бұл мәселенің өте маңызды екенін түсінетінін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге басқа салық түрлерін қайта бөлу жолдарын қарастыруда.