Бүгін Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Президент алдымызға үлкен міндеттер қойып, табандылық танытуға шақырды – депутат
201
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, атқарушы билікке, заң шығарушы органға және құқық қорғау саласына нақты тапсырма берді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Депутат Парламент Мәжілісі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды заңдастыруға бар күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.

Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. 

Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық.

Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн.

«Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. 

Президент алдымызға үлкен міндеттерді қойып, туындаған мәселелерді шешуде табандылық танытуға шақырды. 

Әрине, Парламент Мәжілісі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды заңдастыруға бар күш-жігерін жұмсайтыны анық», – деді Мәжіліс депутаты.