Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Адамды зиялы еткен – тәрбие мен тәртіп
543
оқылды

Бұған қатысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Адам адами болмыстан айнығанда, жақсы адам болудан қалады. Даналарымыз білімнен бұрын тәрбие алуға шақырған. Себебі адамды тәртіпті немесе тәртіпсіз қылатын тәрбиесі. Әлемді өркениетке көшіріп, адамды зиялы қауым еткен тәрбие мен тәртіп. 

Тура жолмен түзу жүрсең жаңылыспайсың. Адамды жамандықтан сақтайтын шектеулер болады. Шектен шықпау керек. Сол үшін де қазақ "Сақтанғанды Құдай сақтайды" дейді. 

Заң азаматтарды тәрбиелейді. Ал, қазір кей құралдар тәртіпке үйретіп жатыр. Жол ережесін сақтап жүрсеңіз өзіңіздің өміріңізді де, жолаушыларды да, көлігіңізді де апаттардан аман сақтайсыз. Бейнебақылау камералары орнатылмай тұрғанда жол-көлік апатынан мыңдаған азаматтарымыздан айырылып қалған ек. Бақылау пайда болғалы жүргізушілер сергек жүруді үйренді. 

Шектеулер мен айыппұл мәселесіне келетін болсақ, күні кеше Президент мәжбүрлеу шарасы болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибенің көрсетіп отырғанын айтты. Сондай-ақ мемлекет ұстанымдарына түсіністікпен қарап, келіспейтін тұстарын диалог арқылы шешуге шақырды.

АҚШ, Еуропа, Қытай, Корея, Жапонияда қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда болады. Ал, бұл адамдарды өз өмірі мен ақшасына жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ қылмыстың алдын алуға септігін тигізіп келеді. Оның бәрі адамның көзімен емес, бейнебақылау құралдары арқылы тәртіп орнатады. 

Елімізде де соңғы жылдары криминогендік ахуал оңалып келеді. Расында да "тәртіпке бағынған құл болмайды", тәртіпсіз ел болмайды. Барлығы тек өзіміздің жүріс-тұрысымызға байланысты екенін ұмытпайық.