Сыр өңірінде партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген құрылыс нысандарына жүйелі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 76 нысанға партиялық бақылау бекеті орнатылған.
«AMANAT» партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті
578
оқылды

Қызылордада «AMANAT»  партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Онда сайлауалды бағдарламада өткен жылы орындалмаған шаралардың іске асырылуы, партия мүшелері – мемлекеттік орган басшыларының партия алаңында Қоғамдық қабылдау өткізуі, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу,  ішкі партиялық тәртіпті нығайту мәселелері талқыланып, партияның Қызылорда қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының 2024 жылғы атқарған жұмысы қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес, Жол картасының орындалмаған тармақтары бойынша  Қызылорда облыстық Экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Дастан Баймаханов кеңінен түсіндіріп өтті. Оның айтуынша,  өңірде бағдарлама шеңберінде орындалмаған 4 іс-шараның 2-еуі биылғы жылы іске асырылса, 2-уі бойынша бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы,  аймақта өткен жылы партиялық бақылау комиссиялары отырыстары мен мониторинг жұмыстары барысында 543 ұсыныс әзірленіп, оның 398-і орындалған. 

Жалпы, Сыр өңірінде партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген құрылыс нысандарына жүйелі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 76 нысанға партиялық бақылау бекеті орнатылған. Бүгінде  олардың  64-і  пайдалануға берілсе, қалған 12 нысан халық игілігіне пайдалануға берілгенше партия назарында болмақ. 

Өз кезегінде партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов алдағы уақытта жаңа нысандарға да партиялық бақылау бекеттерін ашу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ партия алдында тұрған міндеттерге тоқталып, комиссия мүшелерін сайлауалды уәделердің орындалуына жауапкершілікпен қарауға шақырды. 

«Біз қазір сайлау кезеңінің орта тұсына келдік. Сондықтан елге берілген барлық уәде орындалуы және олардың қатаң партиялық бақылауда болғаны дұрыс. Партия алаңына келіп мұң-мұқтаждарын айтатын азаматтардың да мәселелерін барынша оң бағытта шешуге жұмыс істелуі керек», – деді Алмасбек Есмаханов. 

Партияның негізгі міндеттерінің бірі – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, кері байланыс орнату.  Бұл бағытта партияның облыстық және қалалық, аудандық филиалдарында жергілікті атқарушы органдар басшылары арнайы кестеге сәйкес қабылдаулар өткізіп келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шаралары ретінде мемлекеттік аппараттың азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуіне назар аударды. Бұл ретте, тек тыңдап қана қоймай, көтерілген мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізу маңызды екенін ескертті.

Жиын барысында партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов хабарлама жасап, азаматтардың ұсыныс-тілектерінің орындалуы мен қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы төңірегінде ақпарат берді.  

«2023 жылы өткен сайлауалды үгіт жұмыстары кезінде өңір тұрғындарынан 1 223 ұсыныс-тілек түсіп, оның 91-і Парламент Мәжілісіне жолданып, 1 132 ұсыныс облыстағы түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарымен тиісті жұмыстар жасалды. Бүгінде олардың 1 044-і орындалып, 88-і іс бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал 2024 жылы партияның қоғамдық  қабылдау бөлмелеріне  азаматтардан  6 904 өтініш түссе, оның 5 141-і оң шешімін тапты. 1 763 өтініш бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме жұмысы жүргізілді. Өтінішпен келген азаматтардың саны 2023 жылмен салыстырсақ, 54 пайызға жоғары. Сол секілді оң шешілген өтініштер саны 2023 жылы  71 пайыз болса, ал 2024 жылы 74,4 пайызға орындалды. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдар және мекемелермен бірлескен жұмыстардың нәтижесі», – дейді Нұрлан Әбдікәрімов.

Негізінен сайлауалды бағдарламада өткен жылы Қызылорда қаласына қарасты 81 іс-шара жоспарланып, 100 пайызға орындалған. Сонымен қатар партиялық бақылау комиссиясының 12 отырысы өтіп, оларда көтерілген 27 ұсыныс та шешімін тапты. Жиында партияның қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мейрамбек Есжанов осы секілді комиссия мүшелерімен жасалған мониторинг жұмыстары төңірегінде кеңінен баяндады.

«Қалалық партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен өткен жылы 29 құрылыс нысанына, 6 резонанстық мәселелер бойынша, баға тұрақтандыру бойынша қаладағы дәріханаларға – 5, азық-түлік дүкендеріне – 7, май құю бекеттеріне – 4 рет, «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асқан 11 кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыстарына жалпы саны 62 мониторинг жүргізілді. Әрбір мониторинг қорытындысы бойынша, комиссия отырысы ұйымдастырылып, тиісті органдарға ұсыныстар берілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түнгі рейдтік жұмыстар да ұйымдастырылып келеді», – деді Мейрамбек Есжанов. 

Келесі кезекте жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынып, күн тәртібіне сай партияның облыстық филиалы жанандағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары сайланды. Бұл қызметке филиал басшылығының келісімімен облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ержан Искендер лайық деп танылды.

Комиссия отырысына қалалық, аудандық филиалдардың атқарушы хатшылары мен партиялық бақылау комиссиялары жетекшілері онлайн режимде қатысты. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы