Мемлекет басшысы жиын барысында Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты міндеттер мен жоспарларға тоқталды.
Бізге сапалы инвестиция қажет
Соңғы жылдары Үкіметтің алдына қойылған маңызды әрі жүзеге асуы ауадай қажет міндет – экономиканы әртараптандыру. Әуелде шикізат сатуға құрылған экономикалық жүйені өзгерту, әрине оңай емес. Десе де, қолайлы инвестициялық ахуал жасау арқылы мүлде жаңа саладағы «ойыншыларды» тартуға болады. Осы орайда Мемлекет басшысы елге инвестиция тарту саласында бірқатар кемшіліктер барын сынға алды.
– Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал. Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады... Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн, – деді Президент.
Сондай-ақ инвестиция көлемін арттыру үшін нақты тапсырма берілді.
– Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті, – деді Мемлекет басшысы.
Су үнемдеу технологияларын енгізу өзекті
Президент инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керектігін де айтты.
«Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр», – деп сынады саланы Мемлекет басшысы.
Энергияны, тіршілікке қажетті ресурстарды үнемдеу мақсатында енді елімізде нақты тариф саясаты қолға алынатын сыңайлы. Бұл жайлы Мемлекет басшысы:
– Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады, – деді.
Одан бөлек, Президент елімізде суды үнемдеу саласында заманауи технологияларды енгізуді тапсырды.
– Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті. Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Логистика саласының стратегиялық маңызы зор
Мемлекет басшысы транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз екенін, мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керектігін атап өтті.
– Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек, – деді Президент.
Сондай-ақ бұдан бөлек, «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа теміржол құрылысын бастауды, Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күрежолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғыртуды, «Алтынкөл – Жетіген» теміржолын кеңейтуді тапсырды.
Логистика бойынша Үкімет жұмысының басым бағыттарын да белгілеп берді: атап айтсақ, озық логистика жүйесін енгізу, автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету, бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау, заманауи технологияларды енгізу, қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар Президент шұғыл атқарылуға тиіс шаруаның тағы бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру екенін айтты.
– Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Айтпақшы, шамамен мамыр айында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы еліміздің көлік-транзит және логистика әлеуетін дамыту әрі нығайту тақырыбына арналмақ. Өйткені оның стратегиялық маңызы зор. Қазір көлік және логистика саласы халықаралық бизнес ретінде алдыңғы орынға шықты.
ЖИ қолданудың біртұтас жүйесін құруды тапсырды
Мемлекет басшысы Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жеткенін айтты. Бірақ толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиістігін, яғни сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет екенін ескертті.
– Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Бұл – түсінікті. Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады... Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты нақты тапсырма берді.
– Жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны Smart City жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн... Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсыра-мын, – деді Президент.
Қателікке жол жоқ
Президенттің айтуынша, еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен 2 жарым еседей артық меже.
– Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы, елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Кемелұлы салық-бюджет саясатын реформалау мәселесіне тоқталды. Бұған дейін кеңейтілген отырыс барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов салық саясатының жаңа бағытын атап өткен болатын. Президент Үкіметтің салық-бюджет жүйесін реформалау туралы ұсынысын мақұлдады, бірақ толыққанды талқылап, әбден пісіру керегін баса айтты.
− Реформаны міндетті түрде жүргізу керек, ол бойынша еш күмән жоқ. Бірақ ең алдымен қоғамға, жалпы халыққа жақсылап түсіндіру керек қой. Оның бәрін талқылап, ойлану керек. Жалпы, реформа керек деп айтып жатырмын, бұл реформаны мақұлдадым. Енді оны талқылау керек, зерттеу керек. Қазір Салық кодексі жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл жақсы нәтиже, бірақ биыл 2025 жылы Салық кодексіне не болмаса Бюджет кодексіне назар аудару керек. Қателікке жол жоқ. Сондықтан іске кірісіңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ өз сөзінде Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажеттігін алға тартты. Естеріңізде болса, Президент мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма берген болатын. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды.
– «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Ауқымды жұмыс. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Жұмыс созылып кетті. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Аталған мәселені дереу шешіңіздер, – деп тапсырма берді Президент.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш жыл ішінде тағы 1 300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Президент Үкіметке заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажеттігін тапсырды.
Президент халықпен кері байланыстың маңызын баса атап өтті.
– Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президенттің сөзінше, ендігі басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
– Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады, – деп Мемлекет басшысы сөзін түйіндеді.
Айта кету керек, сондай-ақ аталмыш жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді.
Мейір ЖАСЫН