Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың төрағалық етуімен өткен селекторда білім саласының өткен жылғы жұмысы сараланып, биылғы маңызды міндеттер белгіленді. Облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова жасаған баяндамада жыл қорытындысында облысымыздағы білім сапасы 61,7 пайызға жетіпті. Көрсеткішті кері тартушылар қатарында Талдықорған қаласы, Райымбек, Ұйғыр, Көксу аудандары болса, Іле, Алакөл аудандары жоғары жетістіктерді бағындырып, облыс бойынша сапаның жақсаруына өзіндік үлесін қосыпты. Кезінде республикада алдыңғы қатарға көрінетін аймақтың артта қалуы – мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігінен. Соңғы анықтаулар бойынша, қазіргі кезде облыс мектептеріне 460 педагог қажет. Әсіресе, орыс тілі мен ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне сұраныс барынша артқан. орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып, математика, физика және химия пәндері мұғалімдеріне қажеттілік те қатты сезіледі. Педагог жетіспеушілігін реттеудің түрлі жолдары қарастырылуда. Осы орайда, қазіргі кезде 500-ге жуық студенттің облыс әкімі грантымен жоғары білім алып отырғанын ескере отырып, алдағы кезде осылардың қатарына қосылатындардың басым бөлігін сұранысқа ие педагог мамандықтарға бергенін көп көреміз. Әйтпесе, облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа білім алып жатқандардың арасында туризм, дизайн, қаржыгер, эколог сынды мамандықтар бойынша білім алушылар жетерлік. Білім сапасына әсер ететін тағы бір мәселе – мектепішілік бақылаудың әлсіздігі. Басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесінде жиі кездесетін бірқатар олқылық анықталды. Кейбір білім ошақтарының оқу-тәрбие жұмысына толық саралау жасалмаған, мектепішілік бақылау бетімен кеткен. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға мектеп басшысы тікелей ықпал етуі тиіс. Алайда мектепті талапқа сай басқаруды айтпағанда, педагогтерге кәсіби қолдау көрсете алмайтын басшылар да кездеседі. Білім басқармасы басшысының айтуынша, облыстағы мектеп директорларының ішінде зейнеткерлік жастағы 23 басшы бар. Сонымен бірге 100 директордың бір мектепте отырғанына он жылдан асқан. Осы деректерге қарап, білім бөлімдері басшыларының кадрлық резервпен мүлде жұмыс жүргізбейтініне көзің жете түседі. Бақылаусыздық пен жауапсыздық кесірінен жылдап бір орында отырғандықтан мектепті меншік кәсіпорнымен шатастырып қарамағындағыларға жалдамалы жұмысшы ретінде қарауды, дөрекелікті үйреншікті нәрсеге айналдырған басшылар жетерлік. Облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дәния Қыдырбаева айтқандай, кейбір мектеп асханаларында тамақтың дәмсіздігі мен сапасыздығына осындай жағдай себеп екені сөзсіз. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров мектеп директорларының үстінен арыз-шағымның көптеп түсетінін, білім ошақтарында жемқорлық пен ақша жинау мәселесінің әлі де өзекті болып тұрғанына тоқталды. Алдағы кезде білім саласында кездесетін жоғарыдағыдай келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыру қажеті де қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары мемлекет балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдайдың жасап жатқанын, алайда жергілікті жерлерде жүзеге асыруда кемшіліктер кездесетінін айтып, білім басқармасына, аудан, қала әкімдеріне, білім бөлімінің басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Білім сапасын арттыру, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтуды бақылауда ұстау, инвесторларды тарту арқылы балабақшалар мен жекеменшік мектептер салуды, аула клубтарын көбейтуді, қосымша білім беруді қамтамасыз етуді, үйірмелер мен секциялар жұмысын жандандыруды тапсырды. Басқарма басшысына кадр жетіспеушілігіне қатысты нақты шараларды жүзеге асырып, директорлардың жауапкершілігін қатаң қадағалауды ескертті. Болат АБАҒАН, Алматы облысы