«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Біржан салдың шығармашылығынан сыр шертетін «Теміртас» реквиемі сахналанды.
"Теміртас" реквиемі сахналанды
249
оқылды

Қойылым сазды әуен мен әсем бидің тамаша үйлесім табуымен ерекшеленеді. Премьерада Біржан салдың бүгінге жеткен әндері талғамы жоғары тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

«Теміртас» реквиемі Біржан салдың соңғы күндері мен шығармашылығының маңызды кезеңдерін бейнелейді. Біржан салдың шығармашылығы қазақ ән өренінің қазынасы саналса, оның ішіндегі «Теміртас» әні сал-серісінің мәңгілік мұрасы. Осы арқылы Біржан салды тек ақындық және әншілік қырынан емес, адамдық болмысын да танып-білеміз. 

– Дәстүрлі өнер театры болғандықтан дәстүрлі ән тыңдаймын деп ойлаған едім. Бірақ қойылым ойлағанымнан бөлек болды. Автор Бақыт Беделхан мен режиссер Фархат Молдағали «Теміртас» әні арқылы Біржан салдың өзі өмір сүрген кездегі қоғамға күйінішін, ренішін көрсетті. Одан бөлек, қазіргі қазақтың және әлемнің мәселесін жеткізген. Ол ойды, көріністі пластикадан көре аласыздар. Қойылым көңілімнен шықты, – деді Сафуан Шәймерденов. 

Жобадағы әрбір музыка ырғағы көркем би қимылдарымен ұштаса отырып, көрерменге ерекше әсер силайды. Бұл құдіретті өнердің тереңдігін түйсіндірсе керек. Осы орайда қойылым айналасында қажырлы еңбек жасаған жандардың еңбегін елемей өту мүмкін емес.

Қойылым Біржан салдың шығармашылығына деген жаңа көзқарас қалыптастырады. Ал спектакль соңындағы көрерменнің үздіксіз қошметі бірегей туындыға берілген баға екені анық.