Осы жолы тізім жыртқыш құстармен және қандаланың кейбір түрімен толықты. Сонымен қатар «Қызыл кітапқа» енгендердің қатарында ақбас құмай мен құмай құс бар. Оған қоса, қамыс мысығы, қара лашын және шаянның үш түрі ерекше қорғауға алынды. Осылайша, соңғы басылымға сирек кездесетін жан-жануардың 11 түрі кірді. Ғалымдар, әсіресе қамыс мысығының саны азайып кетті деп алаңдап отыр. Ал санының көбеюіне байланысты жан-жануардың 19 түрі тізімнен алынып тасталды. Олардың дені – жәндіктер. Оларға әзірге қауіп төніп тұрған жоқ.
– Оған қоса, біз өсімдіктер мен жан-жануарлардың қалай аталатыны туралы тізімді жаңарттық. Өйткені біразы ескіріп кеткен. Қазір олай аталмайды. 59-ының атауын нақтыладық. Қазақ тілінде терминологиялық комиссия құрылып, жұмыс істеді. Айта кетсем, «Қызыл кітап» тек жойылып бара жатқан аң мен өсімдік және жәндіктердің тізімін жинақтап қана қоймайды, оған қоса құқықтық мәртебесі бар құжат саналады дейді, – Зоология институтының бас директоры Роман Ященко.
Кітап қазақ және орыс тілінде жазылған. Онда сирек кездесетін аң мен құстың, жан-жануардың мекендейтін картасы көрсетіліп, айрықша қорғалады. «Қызыл кітапқа» жануар түрін енгізу немесе алып тастау Зоологиялық комиссияның құзыретінде. Бұл – бесінші басылым. Ол араға 16 жыл салып әзірленіп жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, жан-жануарларды қорғауда «Қызыл кітаптың» пайдасы зор. Мысалы, соңғы жылдары елімізде тоғай бұғысы, арқар мен қарақұйрықтың саны едәуір өскен. Айта кетейік, жаңа басылым келесі айда жарық көреді.