Бұрын сымбатын сақтау үшін ашығу жастар арасында сәнге айналған еді. Бүгінде медицина ішінде адам ағзасын емдеудің бір саласы ретінде еніп жатыр. Дәстүрлі медицина мен заманауи ғылыми медицинаны пайдалана отырып емдейді десе де ел ішінде күмән келтіретіні рас. Соған қарамастан, күн санап ашығумен емделіп жатқандар көбеюде. «Жалпы, ашығу дұрыс па? Оның қандай пайдасы бар? Соңғы кездері «ашығудың ағзаға пайдасы көп» деп өздігінен ашығып жатқандар аз емес. Ертеңгікүні «Артық қыламын деп, тыртық қылып жүрмей ме? Дәрігердің көмегінсіз өздігінен ашығу үшін неден бастап, қалай істегені дұрыс?» деген сұрақтарымызға І санаттағы дәрігер, медицина саласының үздігі, нутрициолог Аида Мұхтарқызы жауап берді.
Маманның айтуынша, ашығудың жалпы адамға пайдасы бар.
– Интегративті, превинтивті медицинада ашығуды денсаулықты жақсарту, ағзаны тазалау, жалпы денсаулықты емдеу мақсатында жасауға болады. Ол ең алдымен ас қорыту жүйесін тынықтырып, оны қалпына келтіруге таптырмайтын мүмкіндік. Оның үстіне, ашығу инсулиннің деңгейін қалыпқа келтіріп, қант диабеті, семіздік секілді аурулардың алдын алуға көмектеседі. Ағзадағы қабыну процесін басып, метахондрияны күшейту арқылы бойдағы энергияны арттыра түседі. Сонымен қатар интервалды ашығулар ағзаның жасаруына көмектесіп, ағзадағы зат алмасу процесін реттеуге септігін тигізетін құрал, – дейді нутрициолог Аида Мұхтарқызы.
Дәрігер ашығу процесін бәрі бірдей жасай бермеу керегін жеткізді. Олардың қатарында жүкті немесе бала емізетін әйелдер, І санаттағы қант диабеті, бауыр мен бүйрек жеткіліксіздігі бар жандарға ашығумен емделуге мүлдем тыйым салынған. «Гармондары тұрақсыз адамдарға, анорексия немесе басқа да кейбір тағам түрлерін жеуге болмайтын жандарға ашығуға болмайды», – деді ол.
Алайда ашығуға қызыққан жан ең алдымен дәрігермен кеңесіп, оның бақылауында болғаны дұрыс деп санайды маман.
– Бұл тәсіл әр адамның жеке физиологиялық, психологиялық, созылмалы аурулардың, өмір сүру салтының ерекшеліктерін ескеріп отырып жасалады. Яғни, әр әдам өздігінен жасаудың қажеті жоқ. Салдарынан әртүрлі асқынулар болуы мүмкін, – дейді Аида Мұхтарқызы.
Оның айтуынша, негізі интерактивті медицинада ашығудың бірнеше түрі бар. Әрқайсының негізгі принциптерін сақтау керегін жеткізді.
– Интегративті медицинада ашығудың бірнеше түрі бар. Мәселен, сумен ашығу дегеніміз тек су процедураларынан тұрады. Одан кейін түрлі сұйықтықтармен ашығу: көкөніс сорпалары немесе шөп шай, жасыл смузи. Интервалды ашығуда 16/8 жүйесінде адам 16 сағат бойы аш жүрсе, күніне бір рет тамақтанса, 6, 8, 4 сағат интервалмен ашығуда 2-3 рет тамақтанады. Немесе аптасына екі күн, яғни дүйсенбі және бейсенбі күні ашығады. Ал детокс ашығуда жаңа аршылған көкөністер мен жемістерден тұрады. Инсулиннің көбеюіне әкелетіндіктен, бұл әдісті өз тәжірибемде қолданбаймын. Ашығудың негізгі принциптерін атап өтейін...
Біріншіден, ашығуды бастамас бұрын адам базалық check-up-тан өтіп, толық диагностика міндетті түрде жасалуы тиіс. Қан анализі мен пациенттің ерекшеліктеріне байланысты, яғни қандай да бір сырқаты болса, ол да ескеріледі. Іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуі немесе эндокриндік жүйесі дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Міне, осының бәрін тексерістен өткізу керек. Егер пациенттің созылмалы сырқаты болып, бойында әлсіздік байқалса, ашығу өте қатал бақылаумен жүргізіледі. Не болмаса ашығуды басқа тәсілдермен алмастырғаны дұрыс.
Екіншіден, ағзаны бірден аштыққа салуға болмайды. Біртіндеп ағзаны оған дайындау қажет. Мысалы, жылына бір рет келетін оразада адам ашығады. Оның өзіне дайындықпен келуіміз тиіс. Әйтпесе ол адам ағзасына ғана емес, оның көңіл күйіне де әсері болады. Ал ағзаны ашығуға дайындаған кезде тамақтану рационынан қант, кофейн, спирттік ішімдік секілді өңделген тағамдарды алған жөн. Сөйтіп, оның орнын жеңіл тағамдарға алмастырған дұрыс. Әсіресе, көкөністер, жеміс-жидектер қосып, су мөлшерін күніге 2-2,5 литрге көбейтеді. Сонымен қатар ашығудың алдында бірнеше күн бойы түймедақ, жалбыз, лимон қосылған шай ішіп, ағзаны қабыршықтануына көмектеседі.
Ашығу барысында егер ағзада су аз болса, таза су немесе шөптен қайнатылған суды көбірек ішіп, көмектесіп жіберу керек. Дененің белсенділігін сақтау үшін физикалық қимыл-қозғалысты қосып, жеңіл иога немесе тыныс алу жаттығулары, медитация секілді нәрселерді жасаса ағзаға жақсы көмек береді. Не болмаса гидротерапия, ванна мен сауна қабылдау, массаж процедураларын қосуға болады.
Бесінші принцип – ашығудан дұрыс шығу. Яғни, процесс аяқталғаннан кейін бірден ауыр, майлы, ащы тағамдардан бас тартып, тыңқия тоя жеу керек емес. Ол ағзаға үлкен стресс әкелуі мүмкін. Одан гөрі, бірінші күні көкөніс пен сүйектің сорпасын ішкен жөн. Келесі күні буға пісірілген әрі көкөніс пен жармаларды қосу арқылы аз-аздан тамақтану рационын байыту. Сондықтан бір апта ішінде қуырылған, майлы тағам жемеген жөн.
Алтыншы, қосымша принцип, деток ванналар. Көбіне тәжірибемде ағзаға толығымен relax беру мақсатында теңіз тұзы қосылған ваннаға пациентті жатқызамын. Соның арқасында денедегі токсиндер шығады. Егер ағзада дәруменнің жетіспеушілігі байқалса, оны уақытылы толтыруы қажет. Әсіресе, адамға ең қажетті магний, цинк, Д және С дәрумендерінің аздығы ағзаның күнделікті дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан бұл дәрумендерді уақытылы толтырып отырған абзал. Егер уақытылы толтырмасақ, адам ағзасын түрлі өзгерістерге әкелуі ықтимал. Мысалы, Д дәруменінің жетіспеушілігі көңіл күйдің, эмоцияның дұрыс болмауына әкеледі. Мұндайда адам тез жабырқап, тез жылап қалуы мүмкін. Ал цинктің жетіспеушілігі асқазан-ішек жолдарындағы маңызды ферменттердің белсенділігін жоюға әкеледі. Яғни, тамақтың дұрыс қорытылмауына әсер етеді. Ал ағзада магний аз болса, 300-ге жуық ферменттің дұрыс жұмыс істемеуіне әсер етеді. Сол себепті әр адам базалық check-up арқылы ағзасындағы жетіспеушілікті ертерек анықтап, толтырса, біз уақытты да, ақшаны да, күшімізді де үнемдейміз, – дейді нутрициолог Аида Мұхтарқызы.