Биыл «AMANAT» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Байқау аудандық, облыстық және республикалық 3 кезеңнен тұрады. Бүгін партияның облыстық филиалында байқаудың аймақтық кезеңі қорытындыланып, үздіктері марапатталды.
«AMANAT» партиясының Қызылорда облысында 206 бастауыш ұйымына топтасқан 46 698 мүшесі бар. 206 бастауыш ұйымның 44-і 100-ге дейінгі, 151-і 100-500-ге және 11-і 500-ден жоғары партия мүшелері бар ірі бастауыш ұйымдар.
«Үздік бастауыш ұйым» байқауы 23-24 қаңтар аралығында филиалға қарасты барлық қала, аудандарда ұйымдастырылған болатын. Бүгін аймақтық кезеңде сол аудандық деңгейлерде әрбір санат бойынша үздік деп танылған бастауыш ұйымдар жұмысын бағаладық. Бағалау 5 бағытта жүргізілді. Яғни, партиялық жобаларды іске асыруға қатысу, партияішілік жұмыс, партиялық жұмыста креативті әдістерді пайдалану, БПҰ қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, жастармен жұмысы. Негізгі мақсат – партиялық құрылымның жұмыс тиімділігін арттыру, бастауыш партия ұйымдарының рөлі мен белсенділігін күшейту, олардың ынтасын және партияның қызметіне қатысу деңгейін арттыру», – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.
Атап өту керек, облыстық кезеңде 100-ге дейінгі партия мүшесі бар 6 бастауыш ұйым, 100-ден 500-ге дейін мүшесі бар 9 және 500-ден жоғары партия мүшелері бар 5 жалпы 20 бастауыш ұйым бақ сынады.
Қатысушылардың барлығы өз жұмыстарын жоғары деңгейде көрсетті. Комиссия шешімімен әр санат бойынша аймақтық кезеңде үздік деп танылғандарға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
Байқау қорытындысы бойынша, І санат бойынша 1-орынды партияның Қазалы аудандық филиалына қарасты «Кәукей», 2-орынды партияның Шиелі аудандық филиалына қарасты «Мейірім» және 3-орынды партияның Сырдария аудандық филиалы жанындағы «Жастар» бастауыш ұйымы жеңіп алса, ІІ санат бойынша 1-орын партияның Жалағаш аудандық филиалына қарасты «Аққұм», 2-орын Шиеліден «Атамекен», 3-орын Байқоңыр филиалы жанындағы «Космос» бастауыш ұйымы иеленді. Сонымен қатар ІІІ санат бойынша 1-орынды партияның қалалық филиалына қарасты «Тұран», 2-орын Қармақшы ауданындағы «Қараөзек» және 3-орынды партияның Жалағаш аудандық филиалы жанындағы «Дарын» бастауыш ұйымдары жеңіп алды.
Алдағы уақытта әр санат бойынша жеңімпаз деп танылған 3 бастауыш ұйым республикалық деңгейде аймақ намысын қорғайтын болады.
Ақпарат үшін: Жалпы, қызылордалық бастауыш ұйымдар республикалық байқаудан бірнеше рет жүлделі орыннан көрінген. Атап айтсақ, 2017-2018 жылдар аралығында Қызылорда қаласынан «Магистральды желі» және «Қаз ТемірТранс» бастауыш партия ұйымдары республикалық байқау жеңімпаздары.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.