«Астана қаласының Мәдениет басқармасы» ММ-нің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап қоюы толығымен қанағаттандырылды.
Болат Мажағұлов сотталды
Фото: Фото: kitap.kz
588
оқылды

Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Болат Мажағұлов Есіл өзеніндегі "Күн" субұрқағының құрылысын қаржыландыруға бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталған болатын.

Қылмыстық іс бойынша мердігер ұйымның өкілі Мәди Қанапин 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны қаржы жымқыру және қылмыс жасауға көмектесу (ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 28-бабы 5-бөлігі) бойынша кінәлі деп таныды.

«2025 жылғы 31 қаңтарда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) М.-ға, сондай-ақ оған көмектескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) К.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады», – делінген сот хабарламасында.

 Соттың анықтағаны

М., «Астана қаласының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ-нің басшысы бола тұра, Э.-мен бірге және К.-нің көмектесуімен, 2016 жылы Есіл өзенінің жағалауындағы «Күн» субұрқағының құрылысын қоса алғанда, «Су сиқыры» және «Есіл өзеніндегі жарық иллюминациясы мен отшашу шоуы» шарасын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын сметалық бағаны арттыру, арзандау және сапасы төмен материалдарды қолдану арқылы талан-таражға салып, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам, аса ірі мөлшерде залал келтірген.

Сотталушылардың кінәсі куәлердің айғақтарымен, тауартану зерттеуінің, маманның, сарапшының, аудитордың қорытындыларымен, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен расталды.

 Тараптардың ұстанымы

 Прокурор сотталушы М.-ға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру;

 К.-ға ҚК 55-бабының 4-бөлігін қолданып, 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

 Сотталушы М., кінәсін мойындамай, қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.

Сотталушы К., өз кінәсін мойындады, қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды немесе өкінуіне байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады.

 Сот үкімі

ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағының санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7-ден 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

 Сот жаза тағайындау барысында келесідей жеңілдететін мән-жайларды ескерді:

 М.-ның жас балаларының болуы;

 К.-ның шын жүректен өкінуі, жас балаларының болуы, қылмысты ашуға ықпал етуі, сондай-ақ денсаулық жағдайы.

 М.-ның антын бұзуы – ауырлататын мән-жай болып танылды.

Сот жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстың ауырлығын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып:

 М.-ға – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

 Қазақстан Республикасының Президентіне М.-ны «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді;

 К.-ға – кінәсін мойындағанын, өкінуін және қылмысты ашуға ықпал етуін ескере отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.

 «Астана қаласының Мәдениет басқармасы» ММ-нің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап қоюы толығымен қанағаттандырылды.