Салтанатты шараға Парламент депутаттары, қазақстандық шығармашылық зиялы қауым өкілдері және жұртшылық өкілдері қатысты.
Алты томдық кітап автордың 1993 жылдың қарашасынан бастап үздіксіз жазып келе жатқан күнделіктеріне негізделген. Онда елімізде болып жатқан аса маңызды тарихи оқиғаларға мән бере келіп, қоғамдық өмір туралы көзқарасын кестелейді, әр кезең мен ұрпақтың мінезі мен көңіл күйі, өткен, қазіргі және болашақ туралы толғанады. Бұл негізінен автордың қағаз бетіне түскен жан сыры екені даусыз. Мырзатай Жолдасбековтің өзі жазғандай: «Күнделік – сырласың. Онымен сырласуға, сөйлесуге болады. Ол – сенің сыңарың, жан досың. Мен күнделік жазбаған күні бірдеңе жоғалтқандай боламын».
Автордың әрбір оқиға туралы ойлары шынайы шежіре іспетті. Тұсаукесер барысында атап өтілгендей, тәуелсіз Қазақстанның тасқа басылмаған парақтары ұлттық ерекшелікті сақтауда аса маңызды рөл атқарады.
Автордың айтуынша, күнделік небір ойларға да жетелейді. Қолыңа қалам алып, күнделіктің бетін ашсаң, уақыт, заман, адам туралы толғанасың. Кейде оның тұңғиық тереңіне түсесің. Жастарды жерден алып, жерге салып жататындарға таңым бар. Бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі, деп жазады автор.
Тұсаукесер барысында сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар мен журналистер сөз сөйледі.