Әлемде жасөспірім қыздардың 24 пайызы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2023 жылы жаһан бойынша 15-19 жас аралығындағы әрбір алтыншы қыз зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы The Lancet журналында жарияланған жаңа баяндамасында осындай тең деректерді бөліседі.
Qyzbolsyn – қыздарға қолдау болар қосымша
212
оқылды

Жоғарыда аталған көрсет­кіш­тің одан сайын «тамыр жаюына» әсер ететін қорқынышты оқиғалар елімізді де айналмай өтпеді. Қазір қыз-келіншектердің қауіпсіздігі мәселесі елімізде заңнамалық тұр­ғы­да бекітілсе де, өз орнын толық­қанды таппаған, күйіп тұрған мәселелердің алдыңғы шебінде тұр. Алайда бұл күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналғанына қара­мастан ДДСҰ жариялаған деректер 15-19 жас аралығындағы жасөс­пірім­дерге қатысты зорлық-зом­былықтың ең төменгі көрсеткіші Орталық Азия мен Орталық Еуро­па­да байқалатынын мәлімдеген (10-11%).  

Қазақстанда зорлық-зомбы­лық­пен күресу жолында іске асыр­ылған жобалар жоқ деуге келмей­ді. Мәселемен мемлекеттік деңгей­де ғана емес, қоғам болып айқасып келеді. Сол қоғамның ішінде мек­теп оқушылары да барын ерекше атап өтуге болады. Олардың қатар­ын­да Алматы қаласындағы білім ошақтарында білім алатын Жәния Кенжеғалиева, Жансая Масақбае­ва, Сәбина Алмасқызы және Ма­хаб­бат Мақашева есімді оқушы­лар­дан құралған команда бар. Команда мүшелері қыздардың өмір­ін жақсартуға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жеке дамуына қолдау көрсетуге бағытталған ин­но­вациялық жоба ойлап тапқан. Жоба авторлары «әу баста қыздар­ға ақпарат беру арқылы өзін-өзі қорғауға, білім алуға және дамуға мүмкіндік беретін мобильді қос­ым­ша жасауды мақсат тұттық» дейді. 

– Статистикаға сүйенсек, елі­мізде 15-19 жас аралығындағы әр бесінші қыз ерте жүктілікке тап болады. Оның негізгі себебі – жын­ыс­тық білімнің жоғы. Тағы бір үлкен мәселе – қыздарға арналған бірыңғай ақпараттық және қауіпсіз орта қалыптастырудың жетіспеу­ші­лігі. Қосымша мынадай мәселе­лерді шешуге бағытталған: өзін-өзі қорғау және қауіпті жағдайларда әрекет ету бойынша кеңес беру, жыныстық және жалпы денсаулық туралы ақпаратты қолжетімді ету, қыздардың эмоционалдық жағ­дай­ын жақсарту, сенімді орта құру, білім, мансап, өмірлік дағдыларды дамытуға арналған материалдар ұсыну. Жобамыз ақпарат алаңы, анонимдік қауымдастық, Сая бот (ЖИ негізіндегі көмекші) сынды негізгі функцияларға ие. Мобильді қосымшада мақала және подкаст түрінде кеңестер беріледі, пайдала­ну­шы­лардың өз ойын еркін бөлі­су­ге мүмкіндік береді. Сая бот күн­делікті аффирмациялар жібер­іп, қолданушылардың сұрақтары­на жауап береді, олардың жағдайын сұрап отырады, – деді физика-ма­тематика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқу­шысы С.Алмасқызы.

Мобильді қосымшаны әзірлеу барысында жасанды интеллект, анонимдік жүйе және интерактивті материал сынды жаңа инновация­лар қолданылған. Қосымшаға тіркелген пайдаланушының дер­ек­тері толықтай қорғалады, сон­дай-ақ оқытудың тиімділігін арт­тыру мақсатында подкаст, аудио және визуалды форматтар ұсыны­ла­ды.

Қыз-келіншектерге арналған мобильді қосымшалардың қазақ­стандық нарықта сұранысы қан­дай? Команда мүшелерінің сөзін­ше, елімізде, әсіресе қыз-­келін­шектер аудиториясының ара­сын­да цифрлық шешімдерге деген қызығушылық артып келеді. Оны­мен қоса, жобаны қолданысқа енгізбес бұрын мектеп оқушылары аудиторияның сұранысы мен қажеттілігін анықтау үшін зерттеу жұмысын жүргізіп көрген. 

– Зерттеу нәтижелері көрсет­кендей, әйелдердің 70 пайызы он­лайн платформаларды қолдана отырып, жеке даму мен өмір сапа­сын жақсартуды қалайды. Бірақ қазақстандық нарықта мұндай қос­ымшалардың жетіспеушілігі байқалады. Qyzbolsyn жобасы сол бос орынды толтыруды мақсат етеді. Әсіресе, бұл қосымша елі­міз­де білім мен қауіпсіздікке негіз­делген платформаларға сұраныс­тың жоғары екенін көрсетеді.

Біз жобаны жүзеге асырмас бұрын зерттеу жүргіздік. Мақсатты аудиторияның арасында 120 қыз­ды қамтитын сауалнамалар мен сұхбаттар өткіздік. Зерттеу нәти­жесінде қыз-келіншектер өз қауіп­сіздігіне алаңдайтынын, қыздарға психологиялық қолдау мен қауіп­сіз орта құру қажетін түсіндік, – деді топ мүшесі Сәбина. 

Жансаяның айтуынша, қазір команда мүшелері инновациялық қосымшаны осыған дейін стар­тап­тар байқауында иеленген ақ­шалай ұтыспен қаржылан­дырып келеді. Былтыр жоба үш бірдей республи­калық және халықара­лық деңгей­дегі байқауда жеңімпаз деп таныл­ып, 2 млн теңге көлем­інде қаржы ұтып ал­ған еді. Мектеп оқушылары енді мобильді қосым­шаны аксел­ера­торлар мен инку­баторлар ар­қылы дамытуды көздейді.

– Біздің басты маркетинг құра­лымыз – әлеуметтік желілер. Мақ­сатты аудиториямыз жас қыздар болғандықтан, Instagram мен TikTok желісінде парақша ашып, жүй­елі түрде пайдалы ақпарат бөлісіп отырамыз. Онлайн белсен­діліктен бөлек, оффлайн іс-шара­лар ұйымдастырамыз, түрлі жәр­меңкеге қатысамыз. Қыздар ин­­те­р­­неттегі сенімсіз ақпарат көз­­деріне сүйенбей, Qyzbolsyn қос­ымшасын қолдану арқылы қау­іпсіздігін қамтамасыз ете алады. Қосымша «қалтадағы әпке» ретін­де жұмыс істейтінін ескерсек, қол­данушыларға өз пікірін, мәсе­ле­лерін бөлісу, менталды, фи­зикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймыз, – деді физика-матема­тика бағытындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Ж. Масақбаева.

Оқушылардың ізденісі мен айналадағы жайсыз жайттарға бейжай қарамауының арқасында қолданысқа енген инновациялық жоба қыз-келіншектердің қоғам­дағы рөлін өзгертуге көмектеседі. Қазір команда мүшелері аталған жобаның отандық нарықта қалып­тасуын көздейді. Келешекте ма­қала жазуға қабілетті сарапшы-авторларды іздестіріп, қазақтілді аудиторияға ұсынатын пайдалы әрі сапалы контент санын арттыр­ғысы келеді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы