Дүниежүзіндегі тілдердің үлкен бөлігі жойылып кетпек. Бұл ғасырда Жер бетіндегі қазіргі тілдердің 40%-ына, кейбір дерек бойынша 90%-ына құру қатері төнді.
Тілдер «өсу не өшу» жолайрығында тұр
1,498
оқылды

Аустралия ұлттық университетінің (ANU) ғалымдары әлемде 2 апта сайын 1 тіл өлетінін анықтады. Салдарынан адамзат мәдени әралуандылықтан айырылып барады. Қауіп аймағындағы тілдердің арасында қазақ тілі бар ма?

Тілдер неге «өледі»?

Аустралия ұлттық универ­си­тетінің (ANU) ғалымдары өз зерт­теуінде адамзат «тілдер жап­пай жойылатын» зұлмат заманға кірге­нін ашық айтады. Бүгінде 7 мыңдай тілдің 40%-дан астамына түп­кілікті тарих еншісінде қалу қаупі төніп тұр. Соңғы 60 жыл ішін­де бүкіл әлемде бұрын бол­ған тілдердің 30%-дан астамы бү­гінде жоғалғаны атап өтілді.

Бұл процесс бұрын-соңды бол­маған алапат қарқын алды. Оған жа­һанды жайлаған климаттық күй­зеліс, әскери қақтығыстардың өр­шуі, ақпараттық технологиялардың, жасанды интеллекттің дамуы нәти­же­сінде жаһанданудың күш алуы және оларды пайдаланушылардың өз тілін тәрк етіп, озық елдердің тіл­і­не көшуі сияқты көптеген фак­тор ықпал етеді. 

ANU ғалымдары тілдердің бір бөлігі табиғи апаттар не соғыс сал­дарынан лезде өшетініне назар ау­дарды. Мысалы, мұхит деңгейінің көтерілуінен цунами жиілеп, арал­дар су астында қалады. Оның құр­бан болған тұрғындарымен бірге тілі де тарих қойнауына жол тарта­ды. 

– Кейбір тіл біртіндеп құриды. Оларға негізінен әлеуметтік-эконо­микалық өзгерістер әсер етеді. Мем­­лекетте жалғыз тіл басым, бе­дел­ді әрі кең сұранысқа ие болады. Қарым-қатынас жасау, мемлекеттік, басқа қызметтер алу, жұмысқа тұру үшін сол басымдықты тілді меңгеру талап етіледі. Содан ол тіл өзге тіл­дерді ығыстырады. Жас ұрпақ ана тілін қолданудан аулақтап, тренд-тілге ауысып алады. Азшылық ұлт­тар төл тілінен айырылады, – делін­ген аустралиялық ғалымдар зерт­теуінде.

Олар мұндай қауіпті құбылыс әлемдегі мәдени мұраға салмақты нұқсан келтіретінін, себебі ана тіл­ін­де сөйлеушілер өз ұлтының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тарихи жадын және бірегей ұлттық дүниетанымын сақтайтынын нұсқайды. Ал өзге отар-тілге көшкендер ол тілдің ие­лерінен «арпа ішінде бір бидай» бол­ып ерекшеленбеу үшін өз ұлты­ның құндылықтарынан да бас тартады. Олар ана тілінен ғана емес, өз халқының талай ғасыр ұрпақтан-ұрпаққа табыстаған білімі мен мә­дени байлығынан да мәңгілікке қол үзеді. Қазақ мұны «мәңгүрттену» деп атайды.  

Ғалымдар қазір тіпті белсенді пайдаланылатын тілдер де алдағы онжылдықтарда жоқ болып кетуі мүмкін екенін ескертті. Кей жағдай­да нақты бір тілде сөйлеушілердің абсолютті саны басты рөл атқар­майды. Мысалы, Питкэрн аралында жергілікті креол тілінің 100-ге жет­пес иесі қалды. Алайда бұл тіл әзірге «осал тілдерге» жатқызылған. Өйт­кені оның тұрғындары өз дәстүрін қалтқысыз сақтайды, салтын жас ұрпағының санасына сіңіруге мән береді. Дәл осы кезде Үндістанда 50 мыңнан астам өкілі бар дурува тілін БҰҰ «жойылу алдында тұрған тіл­дер» қатарына енгізді. Оның жас ұр­пағының үлкен бөлігі ресми хин­ди немесе ағылшын тілінде сөйлеуді қалайды. UNESCO сарапшы­лары тілді сақтауда ең маңыздысы – ол тілді аға ұрпақтың кейінгі ұрпақ­қа қаншалықты белсенді, дұрыс тапсыра алуында екенін атап өтеді. 

Аустралиялық ғалымдар өз зерт­теуінде қазіргі заманда, әсіресе Сол­түстік және Орталық Америка, Батыс Африка, Солтүстік Аустралия тілдеріне құру қаупі төніп тұрғанын ескертті. 

Қазақ тілінің әлемдік мәртебесі бар!

Жер бетінен жоғалу қатеріне ұшыр­аған тілдердің «қара тізімінде» қазақ тілі жоқ. Жалпы, шетелдік зерт­теулерде қазақ тілінде бүгінде 20 миллионнан астам адам сөйлейді деп алынған. Шынында, Ұлттық статбюроның мәліметінше, 2021 жылғы елдегі соңғы халық санағын­да Қазақстан халқының 77,4 пай­ы­зы мемлекеттік тілді еркін меңгер­гені айқындалды. Ауызша түс­ін­етін­дерін қосқанның өзінде 85,5 пайыз болады. Нақты санда бұл 13 768 406 адам. 

Алайда статорган соның ішінде тек 8 472 661-і ғана қазақ тілін күн­делікті өмірде, жұмыста, отбасында қолданатынын нақтылады. Тиісін­ше, қазіргі әлемде қазақ тілін сақ­тап, ұрпаққа ұластыратындар да осы­лар: он миллионға жетпейтін адам. Тағы 3 426 306 қазақстандық мемлекеттік тілді мүлдем меңгерме­генін, қазақша білмейтінін және еш жерде пайдаланбайтынын мәлімде­ген. Олай болса, «қазақ тіліне қауіп жоқ екен» деп бейғамдыққа салыну­ға негіз жоқ. 

ЮНЕСКО «Жойылу қаупіне тап болған әлем тілдерінің атласы» (Atlas of the World’s Languages in Danger) аясында 9 өлшемшарт-критерий бойынша дүниежүзіндегі тілдерді 7 топқа бөледі. Қадап айта кеткен жөн: 9 критерий арасындағы бастысы әрі ең маңыздығы – тілдің ұрпақтан-ұрпаққа толыққанды тапсырылуы саналады. 

ЮНЕСКО жіктеуі бойынша төрт­күл дүниенің әр түкпіріндегі небәрі 36 тіл ғана ең жоғарғы «қау­іп­сіз» мәртебесіне ие. Бұл тілдерді оның барлық буын-ұрпағы пайдала­нады және тілді тапсыру жүйелі жол­ға қойылған деп есептеледі. Қас­иетті қазақ тілі әлемде «қауіпсіз» статусын иеленген!

Қалған мәртебелер «осал», «жой­­ылу қаупі бар», «жойылудың сал­мақты қатері төнген», «жоғалу ал­дында тұрған», «өлген» және «жаң­­ғыртылып жатқан» тілдер болып келеді. Мысалы, «осал тіл» статусы Ресейдегі көптеген тілге, сондай-ақ беларус тіліне берілген. РФ ғылым академиясының Тіл білімі институтының мәліметінше, Ресей халықтарының 152 тілінің басым көпшілігі, 138-і жойылу қарсаңында тұр.

АҚШ Жазғы лингвистика инс­титуты (Summer Institute of Linguistics немесе SIL) ғалымдарының ат­ақ­ты Ethnologue (2024) әлем тіл­дері анықтамалығында жариялаған дерегіне жүгінсек, жер-жаһанда бү­гінде 8 миллиардтай адам сөй­лейтін шамамен 7 164 тіл қалды. 

Алайда ғаламшар тұрғындары­ның 80%-ы – бар-жоғы 75 тілде сөй­лейді. Бұл – дүниежүзіндегі барлық тілдің 1%-дайы ғана!  6 500-ден астам тілді әлем халқының небәрі 5%-ы пайдаланады. 204 тілде сөйлей алатын 10-нан аз, 344 тілді білетін 99 адам ғана қалған. 

Тілді дамыту – ұлт өмірін ұзарту

Мемлекет басшысы биылғы 3 қаңтарда Ana tili газетінде жарияланған сұхбатында ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне еш күмәнданбайты­н­ын жеткізді. Оның сендіруінше, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді.

– Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығу­шылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге ай­налды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл – азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор. Бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлей­тін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады, – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, бұдан да жоғары нәтижеге қол жет­кізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту, мек­тептерде, басқа оқу орындарында қа­зақ тілін үйрету жүйесін жетілдіру, оқытушылардың мәртебесін артты­ру мәселесін шешу қажет. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жа­һандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.

коллаж: Елдар ҚАБА

Осы орайда мәселен, қазақ тілі­нің KazLLM атты цифрлы тіл мо­делі­нің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сарапта­ма жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Мемлекет бас­шысы осы бағыттағы жұмыстар жал­ғаса беретінін нықтады.

2023 жылғы 12 желтоқсанда Ұлы­британияда Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің алғашқы басыл­ымы­ның тұсауы кесілді. Сөздік не­гізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына еніп, жа­һандық лингвистикалық қоғамдас­тықтың бір бөлігіне айналмақ.

Шығармашыл жастар және креа­тивті индустрия да мемлекеттік тіл­ді ілгерілету ісіне пайдасын ти­гізе алады. Бір Димаштың дарыны арқасында әлемде әуезді қазақ тілін мыңдаған адам үйрене бастады.  Үкімет қазақ тілінің тынысын кеңейту, танымал ету шаралары мен бастамаларын әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ой­ын­дары арқылы да өрістетуге тиіс. Оның озық үлгілері әлемде, түр­кі тілдес елдер арасында жет­кілікті. 

Қазақ тілін әлемде ілгерілету шараларына тоқтала кетелік. Тіл комитеті ұсынған дерекке жүгінсек, Болгарияның Әулие Климент Охридски атындағы София уни­верситетінде Қазақ тілі мен мә­дениетін зерделеу орталығы 2014 жылдан бері ресми түрде жұмыс істейді. София техникалық уни­верситетінде «Абай» мәдени және танымдық орталығы ашылды. Қазақ тілі мен мәдениетін зерделеу орталығында профессор Баян Рай­ханова шетелдік студенттерге қазақ тілін тұрақты оқытады. 

АҚШ-тағы «Абай» орталы­ғы­ның виртуалды негіздегі қызметіне қосымша ретінде Джордж Вашинг­тон университетінде ашылған қазақ кабинеті қазақ тіліндегі көркем әдебиеттермен, кәдесыйлармен толықтырылды. Ереван мемлекеттік университетінің қазақ тарихын, мәдениеті мен тілін зерттеуге үлес қосып жүргені айтылды. 

Мажарстандағы Лакителек уни­вер­ситетінде қазақ тілінің жазғы курстары 2008 жылдан бері ұйым­дастырылып келеді. 2023 жылы Абай орталығы мен қазақ диаспора­сының жетекшісі Оңғайша Мандо­ки мен Айдана Смағұл ұстаздық ететін қазақ тілінің курсына 13 венгр оқушысы қатысты. 

Олқылық жойылса, жағдай оңалады

Еліміздің өз ішінде тілді дамыту шара­ларын үдеткен жөн. Бұл тұр­ғыда біраз олқылық бар. Мысалы, Ғылым және жоғары білім минис­трлігінің Тіл саясаты комитеті Қа­зақстанда шенеуніктердің үлкен бөлігі мемлекеттік тілді білмейтінін әшкереледі. Салдарынан олар орыс­шаға шорқақ қазақтілділерге лайықты деңгейде мемлекеттік қызмет көрсете алмайды.

«Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жоспарына сәйкес (2-нысаналы индикатор), мемлекеттік қызметтер ұсынатын ұйымдардың, ұлттық компаниялардың қызметкерлері арасында «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бой­ынша мемлекеттік тілді В1 деңгей­інде меңгергенінің үлесі былтыр 37%-ға жетуге тиіс еді.

– Диагностикалық және серти­фи­каттық тестілеу нәтижесі бой­ынша 2 727 мемлекеттік қызметті ұсынатын ұйымдар қызметкерлері­нің 30%-ы ғана мемлекеттік тілді орта (В1) деңгейде меңгергенін көрсетті, – деп хабарлады Тіл сая-саты комитеті. 

Ұлттық компаниялар мен хол­динг­терді қоспағанда, тек мем­ле­кеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеруі де жоғары емес көрі­неді. Комитет дерегінше, «ҚАЗ­ТЕСТ» жүйесі арқылы 12 067 мем­ле­кеттік қызметші диагностикалық, сертификаттық тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижесінде 4 223 мем­лекеттік қызметші (35%-ы) ғана мемлекеттік тілді ортадан жоғары (В2) деңгейде меңгергені белгілі болды. 

Тіл жанашырлары мемлекеттік тілге деген құрметсіздікті көшелер­дегі маңдайшалардан да көруге болатынын айтып жүр. Басқа түгіл ірі қалалардың өзінде ұйымдар, дүкендер атаулары, маңдайшалары және басқа ақпараты кейде бір ғана орыс тілінде жазылатыны кездес-еді. 

Бұл ретте халықтың шағымына үн қатқан әкімдіктер бизнес нысан­дарына мемлекеттік тілдегі ақпар­атты да қосу немесе қазақтілді нұс­қасындағы өрескел қатені түзету туралы хабарлама жібереді. Тіл саясаты комитетінің дерегінше, жергілікті атқарушы органдар бір жыл ішінде сыртқы көрнекі ақпар­ат­ты орфографиялық нормаға сәй­кестендіру үшін 43 557 объекті бой­ынша ескерту жасады. 33 344 объект не 76,5%-ы ғана сәйкестен­дірілді.

Тіл комитетінің дерегінше, те-гін тіл оқыту орталықтарының саны 2022 жылғы  111-ден 2023 жылы 114-ке дейін өсті. Алайда олар енді тек мемлекеттік тілді ғана емес, сондай-ақ орыс тілін де оқытады. Бір жыл ішінде қазақ тілі курсынан жалпы саны 52 507 адам өтіпті. 

Мемлекеттік телеарналарда мемлекеттік тілде көрсетілетін теле­бағдарламалардың үлесі бүгінде 79%-ды құрайды. Қазақстанда өт­кіз­ілетін ресми шараларда қазақ тілінің қолданылу үлесі 52% болды. 

Президент жаңа қатер-сынақ­тар­ға төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білуі керегін айтты. Бұл құндылықтардың ең бір асылы, ардақтысы – ана тіліміз. Ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұ­мыры саналатын тілімізді дамыту ұлтымызды сақтап, қазақ елін ке­лесі ғасырларға аман-есен жет­кізудің бір кепілі.

Айхан ШӘРІП