Президенттің тапсырмасын орындау аясында қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мақсатында Ақтауда жылына 100 мың науқасқа қызмет көрсетуге қауқарлы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы салынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласының 34А шағын ауданында жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы салынып жатыр. Нысан 2,6 гектар аумақта бой көтереді және оның құрамына оқу-симуляциялық орталық, санитарлық көліктерге арналған жөндеу және жуу базасы кіреді.
Үкіметтің мәліметінше, жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге деп бағаланған. Оның 100 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі – 10 пайыз: жер қазу жұмыстары аяқталып, ішкі инженерлік желілердің құрылысы жүргізілді. Жоба Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат есебінен белгіленген кестеге сәйкес аяқталмақ.
Қазір Ақтауда 200 мыңға жуық адам тұрады. Аймақ бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Соңғы жеті жылда қалада 10 жаңа шағын аудан салынған. Жедел жәрдем стансасының құрылысы тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына шамамен 55,2 млрд теңге бөлді. Олардың қатарында 4 мектеп, оның біреуі 1 музыкалық мектеп, 2 спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана және 2 балабақша бар.
Сондай-ақ «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға сәйкес субъектілердің қаражаты есебінен Арқалық, Астана және Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.