Әкесі баласының шетелде оқитынына сенбеген.
Баласының оқуын төлеуден бас тартқан әке сотта жеңіліп, төлем жасауға міндеттелді
istockphoto.com
994
оқылды

Орал қаласының тұрғыны Испанияда оқып жатқан ұлының оқуын төлеуден бас тартпақ болғанымен, сот оны төлемдерді өтеуге міндеттеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz «Мой город» порталына сілтеме жасап.

2022 жылы Батыс Қазақстан облысының соты әкенің 18 жастағы ұлының шетелдегі оқуына және тұрмыс шығындарына төлем жасауын міндеттеген. Ер адам төрт жыл ішінде 20 млн теңге төлеуге келіскен. Бірақ кейін ол бұл шешімін өзгертіп, сотқа шағымданған.

Бастапқыда сот әкенің талап-арызын қолдап, ұлының Еуропада оқитынын дәлелдейтін құжаттар жеткіліксіз деп тапты. Алайда апелляциялық сот арыз берушінің өз еркімен келісімге қол қойғанын ескеріп, оқу ақысын төлеуге міндеттеді.

Кейіннен сотқа Мадридтегі Еуропа университетінің хаты, төлқұжат көшірмелері, баласының Испанияға келгенін растайтын билеттер және төлем құжаттары ұсынылды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де жас жігіттің Испанияда уақытша тіркелгенін растады.

Осы дәлелдер негізінде сот ер азаматтың шағымын қанағаттандырусыз қалдырып, оны ұлының оқу ақысын төлеуге міндеттеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.