Бұл университетте ІТ және өзге де техникалық мамандарды даярлау жоспарланып отыр.
Түркістанда Қазақ-Корей университетінің ғимараты салынып жатыр
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
812
оқылды

Түркістанда Қазақ-Корей бірлескен университетінің ғимараты салынып жатыр. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу тапсырмасына орай қолға алынған, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысын қадағалап, нысанның қазіргі жай-күйімен танысты. Жауапты басшылар мен мердігер компания басшысымен пікір алмасып, атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі есептерін тыңдады.

– Ғимарат биыл аяқталып, оқу жылына толық дайын болуы тиіс. Ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарымен біраз уақыт кетеді. Сондықтан құрылыс қарқынын төмендетпей, сапалы әрі жүйелі атқарыңыздар, – деген Нұралхан Көшеров 18 қабатты ғимаратты аралап көрді. 

Бүгінде ғимараттың құрылысы қарқынды. Сыртын қаптау, терезелерін орнату жұмыстары жүруде. Нысан тамыз айында тапсырылады деп жоспарланған. Бірақ мамыр айына дейін аяқтап, тапсыру көзделіп отыр.

Былтыр жауапты министрлік және Түркістан облысы әкімдігі тарапынан Кореяның 70 жылдық тарихы бар Woosong университеті басшылығымен келіссөздер жүргізген болатын. Нәтижесінде, Түркістанда аталған оқу ордасының филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоғары оқу орнында ІТ және өзге де техникалық мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Өндіріске, ауыл шаруашылығын жаңаша бағытта дамытуға қажетті мамандарды даярлау да жоспарға енгізілген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.