Ақмола облысында InDrive такси қызметінің жүргізушісі клиенттен зардап шеккен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 47 жастағы ер адам құқық қорғау органдарына арызданған.
– Жәбірленуші такси қосымшасы арқылы тапсырыс қабылдап, клиентті межелі жеріне апара жатқанда, жолаушы жүргізушінің рұқсатынсыз көлікте шылым шеккен, — делінген хабарламада.
Клиенттің бұл әрекетіне жүргізуші ескерту жасаған, бірақ жолаушы агрессивті реакция білдіріп, сөзге келген. Жүргізуші жағдайды ушықтырмау үшін автокөлікті тоқтатып, жолаушыдан түсуін сұраған. Алайда клиент көліктен түсудің орнына жүргізушіге шабуыл жасап, соққыға жыққан.
Қазір күдіктінің жеке басы анықталды. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесіне сәйкес заңды шаралар қабылданады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.