Олар қарттарға азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды жеткізіп қана қоймай, қар тазалау, ауланы ретке келтіру, жөндеу жұмыстарына көмектесуде.
«Ардагерлерді ардақтайық!»: белсенді жастар зейнеткерлерге көмек көрсетті
480
оқылды

Соңғы апта аймақтарда қар жауып, тұрғындарды әуреге салса, белсенді еріктілер қарттарға көмекке асықты. Бір апта ішінде республика көлемінде «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы өтуде. Бұл игі бастамаға 200-ден астам ерікті қатысып, ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері ардагерлерге қолдау көрсету мақсатында көптеген игі шараларды жүзеге асыруда. Олар қарттарға азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды жеткізіп қана қоймай, қар тазалау, ауланы ретке келтіру, жөндеу жұмыстарына көмектесуде. 

«Біздің жағдайымызды ойлап, көмектесіп жүрген жастарға ризашылығым шексіз. Қамқорлық пен жылы лебіздің өзі мен үшін үлкен қуаныш. Олар бізге тек қолдау көрсетіп қана қоймай, жүрегімізге жылу сыйлайды. Жастардың осы қадамы біз үшін зор құрмет. Біз өз өмірімізде осындай мейірімділікті көріп, әрқашан оларды жақсы көріп, батамызды беріп жүреміз», – деді 80-нен асқан зейнеткер Ұлбазар Боранкулова. 

Акция аясында жастар ардагерлердің үйіне барып, олармен әңгімелесіп, өмірлік тәжірибесімен өткендегі қиыншылықтар туралы тыңдап, ақ баталарын алды. Еріктілер осы бастамалары арқылы аға буынға құрмет көрсетіп, олармен етене жақын байланыс орнатуға тырысады, осылайша жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. 

Мәселен, Шымкент қаласының жастары ардагерлермен тығыз байланыс орнатып, олардың үйлеріне баруды қалыпты әдетке айналдырған. Тұрақты түрде өтетін шараларға атсалысып жүрген Жанеркенің айтуынша, қарттарға өзінің қатарластары – өзге  волонтерлермен көмек көрсетуде.

«Ардагерлеріміздің батырлығы мен қажырлығы бізге үнемі үлгі боларлық. Біз жастар осы шара арқылы оларды тек құрметтеп қана қоймай, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асып, қажетті тәжірибені бойымызға сіңіруге тырысамыз. Рухтастар үшін бұл акция – тек көмек көрсету емес, сонымен қатар қоғамға пайдамызды тигізіп, ерлігін дәріптеуде маңызды қадам», - деді белсенді шымкенттік рухтас Жанерке Қуатбаева.

Ал Қостанай мен Қызылорда қалаларында да ардагерлерге көрсетілген көмек қарқынды түрде жалғасуда. Жастар тұрмыс жағдайын жақсарту, қажетті заттарды жеткізу және рухани қолдау көрсету арқылы аға буынға өз құрметтерін білдіруде. Ардагерлердің айтқан баталары мен өмірлік кеңестері жастардың рухын көтеріп, оларды еліне, ұлтына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде.

Айта кетеміз, атаулы акция биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Ардагерлеріміздің ерліктерін ұлықтап, жастарға патриоттық рух пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуі мақсат етілген. Бұл шаралар жастар мен ардагерлер арасында рухани байланыс орнатып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты күшейтуде. Қазіргі таңда бұл бастама тек жастардың ардагерлерге деген құрметін арттырып қана қоймай, сондай-ақ еліміздің тарихын ұлықтап, ұлттың рухын көтеруге бағытталған маңызды қадам болып саналады. «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері жыл бойына осындай бағыттағы шараларды жалғастыратын болады.