Оқушы орны тапшылығы мен білім инфрақұрылымын жақсарту қалай шешілуде?
Қазақстанда екі жылда мектептердің рекордтық саны салынды
Фото: istockphoto.com
565
оқылды

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда екі жылда 32 апатты және 71 үшауысымды мектеп мәселесі шешімін тауып, ел аумағындағы 200 мектепте оқушы орны тапшылығы жойылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оған осы уақыт аралығында қолданысқа берілген мектептердің рекордтық саны ықпал етіп, жарты миллион оқушы орнына арналған 422 мектеп салынған.

Қазіргі таңда елімізде 8 000-ға жуық орта білім беру ұйымы бар. Соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллион астам балаға өсіп, 3,9 миллионды құраған.

Оқушы орындарының тапшылығы, үшауысымды оқыту және апаттық мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ қалалар мен ауылдар арасындағы білім беру инфрақұрылымы сапасының айырмашылығын төмендету мақсатында елімізде мектеп құрылысын жүргізу және реновациялау бойынша бірқатар бастама қарқынды іске асырылуда.

«Мектептердің құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, Білім беру инфрақұрылымын қаржылай қолдау қоры арқылы және жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылуда. Биылғы жылы елімізде 300 мың орындық 200-ге жуық мектептің құрылысы жүреді. Бұл шаралар 2026 жылға дейін оқушы орнының тапшылығын толықтай жоюға мүмкіндік береді», – дейді Инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Роза Сембаева.


Орта білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2023-2024 жылдары 464 мектеп күрделі жөндеуден өткен. 2024 жылдың көктемінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен 35 нысан қалпына келтірілген. 2 039 мектеп 3 130 заманауи пәндік кабинетпен (робототехника, химия, биология, физика, STEM) жабдықталған. 
Атап өту керек, мемлекет жаңа оқушы орындарын ашу және балалар үшін жайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Бұл еліміздің барлық өңірінде білім инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуға қолжетімділігін арттырады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.