Бүгін Ішкі істер министрлігі брифинг өткізіп, қылмыстың осы түріне қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz
2024 жылы республика бойынша 1 026 мал ұрланған. Бұл былтыр тіркелген жалпы ұрлықтың 3%-ын құрайды. Аталған фактілердің жартысынан көбі еркін жайылымда жасалған (1026-дан 752-сі).
Полиция 89 қылмыстық топты құрықтап, 572 мал ұрысын ұстаған. Ұрланған малдың 4,5 мыңнан астамы табылып, заңды иелеріне қайтарылған. Осылайша, өткен жылы мал ұрлығының саны 30,5%-ға төмендеген. Жалпы, қабылданған кешенді шаралардың арқасында соңғы 5 жылда мал ұрлығы 64%-ға азайған.
Қылмыстың осы түрімен күресті күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Осындай қадамдардың бірі ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін қабылдауды атап өтуге болады. Ережеге сәйкес жануарларды бақылаусыз жаюға тыйым салынады. Сондай-ақ олар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген. Жайылым ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік белгіленген. 2024 жылы 38,5 мыңнан астам осындай бұзушылық анықталды.
Негізгі табыс көзі мал шаруашылығы саналатын ауылдық жердің тұрғындарына айтарлықтай шығын әкелетін мал ұрлығы үшін Қылмыстық кодексте жеке бап енгізілген.
Қатаң жаза - мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Сондай-ақ қайта жасалған ұрлық және үй-жайға кіріп жасалған қылмыс үшін жаза қатаңдатылып, мұндай қылмыстар ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды.
Бұл жәбірленушілермен татуласу арқылы ұрылардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермейді.
Осы бағытта ІІМ Ауыл шаруашылығы министрлігімен белсенді жұмыс жүргізеді. «ІІО мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау қызметінің мал ұрлығына қарсы өзара іс-қимылы» деп аталатын бірлескен бұйрық әзірленген. Алдын алудың тиімді әдістерінің бірі - жедел-профилактикалық шараларын тұрақты негізде жүргізу. Оларға полицейлер, ветеринарлық бақылау қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады. Өткен жылы мал ұрлығына қарсы:
• Республикалық деңгейдегі 2 іс-шара;
• Өңірлік деңгейде 76 іс-шара өткізілген.
Мысалы, Абай облысында далалы жерде жайылымда жүрген 50-ден астам жылқыны ұрлаған қылмыстық топ ұсталған. Топта 4 адам әрекет еткен. Ақмола облысында 46 жылқыны ұрлап кеткен 2 адамнан тұратын топ құрықталған. Павлодар облысында 6 адамнан тұратын қылмыстық топ 25-тен астам жылқы ұрлаған. Қылмыскерлер бірлесіп әрекет етіп, жол талғамайтын мотокөліктермен малды алыс қашықтыққа айдап кеткен.
2025 жылдың басынан бастап, яғни қаңтар айында елімізде 69 мал ұрлығы тіркелген. 53 күдікті ұсталып, 10 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған 450 малдың 134-і иелеріне қайтарылыпты.
Малды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау үшін ІІМ қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады, олар:
- малды қараусыз қалдырмау;
- GPS-трекерлерін орнату арқылы бақылаудың заманауи әдістерін қолдану;
- малға ен салып, таңбалау және чиптеу.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.