Түркістан облысында жеңіл көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан алты адам қаза тауып, төртеуі зардап шекті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Биылғы жылдың 3 ақпанында Түркістан облысында «Кентау-Түркістан» тасжолының 5-шақырымында Audi маркалы екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болып, артынан өрт шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, басқа көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. Оқиға салдарынан 6 адам қаза тауып, 4 зардап шегуші түрлі дене жарақаттарымен Кентау қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді», – делінген хабарламада.
Ведомствода қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын және барлық мән-жайлар анықталып, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлады.
Түркістан облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе, жылдамдықты шамадан тыс асырмау, қарсы жолаққа шықпау және жолда барынша мұқият болу қажеттігін ескертеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.