Қазақстан мен жалпы Орталық Азиядағы білім беру жүйелерін жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«EdUHK - Қазақстан білім академиясы» құрылды
514
оқылды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде EdUHK- Қазақстан білім академиясының  және озық тәжірибе орталықтарының салтанатты ашылуы рәсімі  өтті. 

Бұл іс-шара Гонконг білім академиясының, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰҚПУ-дың Академиялық ортаны жақсартуға және жаһандық ауқымда тұрақты білім беру практикасын дамытуға бағытталған бастамасы негізінде жүзеге асып отыр. Академияның қызметі білім беру саласындағы инновациялық зерттеулер мен идеялармен алмасуды ілгерілетуге бағытталатын болады. Сондай-ақ Қазақстан мен жалпы Орталық Азиядағы білім беру жүйелерін жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жиынға арнайы келген Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) президенті, профессор - Джон Ли Чи-Кинді Абай университетінің Басқарма төрағасы Болат Тілеп қарсы алды.  

Салтанатты іс-шараның маңыздылығына тоқталып, арнайы құттықтау хатын жолдаған Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке шетелдік меймандар алғысын білдірді. 

"Бүгін біз білім беруді дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып,  инклюзивті білім беру мен жасанды интеллектіні отандық білім беру жүйесіне енгізуге маңызды қадам жасап отырмыз. Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) қолдауымен Қазақстандық білім беру академиясының құрылуы еліміз және бүкіл өңір үшін маңызы зор", - деді жиында сөз алған университет ректоры Болат Анапияұлы. 

Қазақстандық білім беру академиясының ашылуы халықаралық білім мен тәжірибе алмасуға, озық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік  беретіні сөзсіз.

"Гонконг Білім академиясының Қазақстандағы жетекші университеттердің алдыңғы қатарындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанынан «EdUHK - Қазақстан білім беру академиясын» ашу бастамасы жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін жаһандық жоба", -  деді профессор Джон Ли Чи-Кин. 

Мұнан соң, Гонконг білім беру университетінен және еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарынан келген қонақтар  Абай университеті жанынан ашылған  «Инклюзивті білім беру және білім берудегі жасанды интеллект» орталығының жұмысымен танысты.  Бұл орталық алдағы уақытта білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге және оқыту сапасын жақсартуға ықпалын тигізетін болады. Жаңа білім беру нысаны  педагогика және білім беру саласында озық зерттеулер жүргізетін орынға айналады деген жоспар бар. Заманауи технологиялар мен тәсілдерді үйрету арқылы педагогтерді даярлау бағытында жұмыс істейтін болады.

Инклюзивті білім беретін инновациялық орталық еліміздің жоғары оқу орындары мен  педагогикалық қоғамдастығы үшін үлгі болып, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру ордасы ретінде танытуға септігін тигізетіні анық.

QyzPU ректоры Гүлмира Қанайдың айтуынша, EdUHK – Қазақстан білім академиясы аясында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында үш бағыт бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда.

«Елімізде үлкен маңызды жобалардың бірі іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы университет және Гонконг білім университеті бірлесіп үлкен Академия құруда. Осы Академия аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған бес оқу бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Үш университет әзірлейтін бұл бағдарламалар халықаралық деңгейде сертификатталып, мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға көмектеседі. Abai University жасанды интеллект және инклюзивті білім беру бойынша негізгі бағдарламаларды әзірлейді. QyzPU көшбасшылық, STEAM-білім беру және бағалау мәселелеріне жауапты болады. Қазіргі уақытта елімізде 800-ден астам «Комфортты мектептер» салынуда. Осы мектептерге мамандар даярлау мен көшбасшылық бойынша курстар өткізу өте маңызды. Көшбасшылық бағыты бойынша қазіргі және болашақ мектеп басшыларының дағдылары мен білімін дамытуға көңіл бөлінеді. Сонымен қатар STEM-білім беруді дамыту, әсіресе қыз балаларды осы бағыттар бойынша оқыту – әлемдік тұрақты даму мен гендерлік теңдік мақсаттарының бірі. Осыған байланысты біз мұғалімдерге арналған STEM бағытындағы біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды және университетіміздің студенттері мен мектеп мұғалімдеріне арналған оқу бағдарламаларын жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Үшінші бағыт – білімді бағалау жүйесін жетілдіру, бағалау түрлерін сыныптық, ұлттық және халықаралық деңгейде дамыту. Үш университет арасындағы бұл ауқымды бастама болашақта оң өзгерістерге алып келетініне сенімдіміз. Біз бұл бағдарламаларды мектеп мұғалімдеріне осы жылдың күзіне қарай ұсынуды жоспарлап отырмыз», – деді QyzPU ректоры Гүлмира Қанай.

Іс-шараға Қазақстан мен Гонконг университеттерінің өкілдері, оқытушылары және студенттері қатысты. Кәсіби даму орталығының ашылуында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Закир Жұмакұлов сөз сөйледі. Өз сөзінде ол министр Саясат Нұрбек бір жыл бұрын айтқан бастама жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

«Педагогикалық университеттер ретінде біздің миссиямыз – мектеп білімін жақсарту. Мектеп жүйесін алдыңғы қатарлы біліммен қамтамасыз ету үшін бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізу және үнемі жаңа білімнің шыңында болу керек. Осы себепті ғалымдар таңдалған бағыттар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізетін болады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесі ұлттық деңгейде әсер ететін болады, өйткені бірлескен академия Қазақстанның өңірлік жоғары оқу орындарының альянсын да қамтиды, оған педагогика бойынша білім беру бағдарламалары бар 6 жоғары оқу орны кіреді», – деді ол.