Еліміз үшін ғана емес, әлемдік деңгейде маңызы орасан, халықаралық ықпалға ие IT форум биыл жасанды интеллект тақырыбына басымдық берді. Форумның алғашқы күні Еуропалық экономикалық одаққа мүше елдердің үкімет басшылары кездесіп, күн тәртібіндегі маңызды сауалдарды талқыға салды. Онымен қоса, форумға жиналған сарапшылар, бизнес және IT-индустрия өкілдері жасанды интеллектің өндіріске ықпалы мен заманауи мүмкіндіктері турасында пікірін ортаға салып, тәжірибесін бөлісті.
80 халықаралық инновациялық жоба ұсынды
Digital Almaty алаңы келушілерге жаңа инновациялармен танысуға, STEM саласының өкілдері үшін тәжірибе алмасып, кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнатуға, сонымен қатар әртүрлі стартап туралы ақпарат алып, оларды өндірісте қолдану процесін көзбен көруге мүмкіндік береді. Біздің де форумға ат басын бұруымызға бірден-бір себеп – STEM, IT бағытындағы жас авторлардың жобаларымен танысып, олардың қоғамға қаншалықты пайдалы болатынын білу еді.
Биыл дәстүрлі стартап аллеясы 80 халықаралық инновациялық жобаны ұсынды. Форумның жасанды интеллект пен цифрлық трансформация алаңында стартап жобалардың көрмесі, онымен қоса жиын аясында First Tech Challenge чемпионатының республикалық кезеңі өтті. Жарысқа қатысушылардың арасында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Айсұлу Қыдырәліқызы бар. Кейіпкеріміздің айтуынша, чемпионатта жыл сайын қандай да бір жаһандық проблеманы шешуге арналған робот құрастырылады екен. Ал биылғы тақырып қандай мәселеге арналды? Ойын форматы қалай өтеді? Бұл жөнінде Айсұлудың өзінен сұрап білген едік.
– Чемпионаттың биылғы тақырыбы мұхиттарды қоқыстардан тазарту мәселесіне арналды. Аталған мәселеге қатысты ойын алаңы құрылады. Мұнда ойыншықтарды жинау арқылы оларды сұрыптайды. Ойын форматы екіге бөлінген: көк және қызыл альянс. Бір альянста екі команда бар. Әр альянс бір-біріне қарсы ойнайды. Алғашқы отыз секундта команда арнайы код жазуға тиіс, ал қалған екі минутта команда мүшелері арнайы құрылғы арқылы роботпен жүреді. Былтырғы жылы First Tech Challenge креативтілік тақырыбына арналды. Біз сол тақырып бойынша робот құрастырып, кейіннен Қытайдың Гуанчжоу қаласына бардық. Роботтың басты мақсаты – түрлі түстегі бөлшектерден қандай да бір жаңа жоба құру. Чемпионатта жыл сайын жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, үздіктердің қатарынан көрінетін елдердің қатарында АҚШ пен Румыния бар. Дегенмен Қазақстанда да STEM қарқынды дамып келеді, – деді ол.
Сөз соңында Айсұлу Қазақстанда STEM саласын өркендетуге, балалардың технология, робототехника саласында қабілетін шыңдап, бойындағы дағдыларын дамытуға кері әсерін тигізетін проблеманың барын да жасырмады.
– Шынымды айтсам, бізде оқу жүйесі бар. Робототехника, IT, STEM саласында өзін көрсете білетін талантты, зияткер балалардың саны көп. Бірақ өкінішке қарай бұл саланы дамытуға және балалардың жағдайын жасауға қаржылай көмек жетіспейді. Өкінішке қарай, компаниялардың көбі STEM саласының ақырындап дамып келе жатқанын түсіне бермейді, – деді жарысқа қатысушы Айсұлу.
CodiPlay: 13 мемлекетте іске қосылған отандық стартап
Бүгінде халықаралық нарыққа шыққан инновациялық қосымшалардың ішінде қазақстандық CodiPlay жобасы бар. Мектеп оқушыларын бағдарламалауға үйрететін қосымша қазір әлемнің 13 мемлекетінде жұмыс істеп келеді. Дәл қазір экожүйеде миллионнан астам бала білім алады. Жобаны оқу жүйесінде қолданатын мемлекеттердің қатарында Оңтүстік Корея, Индонезия, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан бар. 2021 жылы негізі қаланған жобаның авторы әрі бас директоры Жанәділ Талдыбаев қосымшаның міндеті мен әлемдік нарықтағы сұранысы туралы айтып берді.
– CodiPlay – балаларды қазір өзекті тақырыпқа айналған цифрлық дағдыларға үйрететін экожүйе. Бүгінге дейін біз 13 мемлекеттегі 600-ден астам мектепте жұмыс істеп келеміз. Экожүйеміздің оқу бағдарламасы Біріккен Ұлттар Ұйымында мойындалды. Ең алдымен біз бағдарламамызды түрлі мектепке береміз, әрмен қарай мұғалімдер балаларға үйретеді.
Цифрлық дағды дегеніміз – қазіргі технологияларды түсіну, құрастыру және оларды өндірісте қолдана білу. Ақпараттық технология – ең маңызды мамандықтардың бірі. Біз қосымша аясында IT саласында жоба әзірлеушілер мен бағдарламашыларды дайындаймыз. Балалардың IT сауатын ашудан бастап ақылды технологияларды игеруге дейін үйретеміз. Қосымшадағы контентіміз бен оқу бағдарламасының көбі жасанды интеллект арқылы жасалған. Бағдарлама еліміздегі Алтынсарин академиясының лицензиясын алып, нәтижесінде Қазақстан мектептерінің оқу жүйесіне енгізіліп жатыр, – деді жоба негізін қалаушы.
9 млн доллар инвестиция тартылды
Жанәділ Талдыбаев CodiPlay қосымшасы келешекте жаһандық өндірісте ауқымын кеңейте беретінін, себебі қазірдің өзінде өзге құрлықтағы мемлекеттер жобаға ерекше қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
– Біз қазір қатарымызға Сауд Арабиясындағы 200-ден астам мектепті қосу арқылы қарқынды дамып келеміз. Сауд Арабиясы мен Қатар елдерінен инвестиция тарттық. Қазіргі уақытта 9 млн доллар инвестиция тартылды. Бұл инвестиция қосымшамызды Араб елдеріндегі мектептерді қосуға жұмсалады. Келесі айдан бастап Африканың екі мемлекеті Зимбабве мен Мозамбикке келеміз. Қазір сол елдерден экожүйемізге деген сұраныс артып жатыр. Өйткені қосымшаның көмегімен тиімді бағада көптеген баланы цифрлық дағдыларға үйрете аламыз. Алдағы уақытта Араб елдері мен Африка елдерін экожүйемізге қосуды жоспарлап отырмыз, – деп сөзін түйіндеді Ж.Талдыбаев.
Екі күнге жалғасқан форумда келушілер стартап батлға куә болды. Жарыстың жүлде қоры 60 000 АҚШ долларын құрайды. Одан өзге жасанды интеллект көмегіне негізделген тәжірибелер мен түрлі жоба таныстырылды. Бұл қазір бизнес, медицина, экономика болмасын, кез келген саланы жасанды интеллект күші жаулап келе жатқанын, келешекте өндірістегі қызметтер жасанды интеллектің «мойнына жүктелетінін» көрсетеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы