Жуырда Қорғаныс министрлігі азаматтарды әскерге шақыру үшін арнайы учаскелерге тіркеудің басталғанын хабарлады. Деректерге сүйенсек, биыл әскери тіркеуге 100 мың адам алынады екен. Ал Қарулы Күштер қатарында қызмет ету үшін осы азаматтардың үштен бірі таңдалады. Бірақ әскерге шақыру үшін тіркеудің өзге де қыры мен сыры бар.
Қаңтарда басталатын тіркеу ісі наурыз айына дейін жалғасады. Одан соң көктемдегі әскерге шақыру кезеңі басталады. Биылғы жоспар бойынша наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында Қарулы Күштер қатарына 18-ден 27 жас аралығындағы 34 мың адам алынады. Ал әскерге шақыру учаскелеріне тіркелу 17 жастан басталмақ.
Әдетте, әскери есепке қою мен әскер қатарына алудың арасында айырмашылық болады. Егер тіркеуге 100 мың адам алынатын болса, олардың үштен бірі ғана міндетті әскери борышын өтейді. Өзгелерінің ішінде биыл болмаса, келер жылы, тіпті одан кейінгі жылдарда әскерге баратындар, қысқа мерзімдік әскери оқу-жаттығу жиындарына қатысып, міндетінен құтылатындар, әскери кафедраларда оқып офицер болып кететіндер де болады. Сонымен қатар әскери тіркеуге тұру әлеуметтік лифттің алғашқы баспалдағына айналатын кездері де болады. Өйткені біздің азаматтар «әскери билет» пен «приписнойдың» қадірін жұмыс іздеген кезде жақсы түсінетіні бар.
Ел қорғауға кімдер жарамды?
Негізі, әскери қызметке шақыру үшін арнайы тіркеуге алу бірінші кезекте ел қорғауға жарайтын азаматтардың жай-күйін анықтау үшін қажет процедура. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет азаматтардың қаншасы әскери қызмет атқаруға, қаншасы қысылтаяң күн туса қару ұстауға жарайтынын анықтау үшін керек. Әдетте, халықаралық зерттеу орталықтары әскерге жарайтындардың есебін елдің қорғаныс қабілетін бағалауға қажетті мәліметтер қорына қосып қояды. Айталық Global Fıre Power зерттеу орталығы сондай деректерді басшылыққа алады. Осы ұйым Қазақстанның қорғаныс қабілетін 137 елдің ішінде 54 орында деп бағалапты. Олар ұсынған деректерге қарасақ, бізде 259 мың 954 адам әскери қызмет атқаруға жарамды жаста деп көрсеткен. Демек қаңтарда басталған тіркеуге алу ісі ел қауіпсіздігі үшін маңызды шара болса керек. Мұны әскери тіркеуге алудың бірінші қыры деп қойыңыз.
Сонымен қатар бұл процестің тағы бір қыры кешенді медициналық тексеру қызметін атқаратындығында. 17 жасқа толған бозбалаларды арнайы тіркеуге алған соң медкомиссия тексеруге міндетті. Дәл осы кезде олардың әскерге жарайтын-жарамайтыны анықталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны бозбалаларды кешенді медициналық тексеруден өткізу деп те бағалауға болатын сияқты. Мұндай тіркеусіз бозбалалардың дәрігерлерге өз еркімен барып, қарала қоюы екіталай екенін мойындауға мәжбүрміз. Мәселен, былтыр әскерге шақырылғандар арасында көздері нашарлаған жастардың мол кездескені байқалған. Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің медициналық комиссиясы төрағасы Гүлнар Бүтінбаева ең көп кездесетін кемшілік көздің нашарлауы екенін айтқанымен, бас қаладан көктемде шақырылған 5 154 азаматтың 5,6 пайызы ғана әскери қызметке жарамсыз деп танылғанын тілге тиек еткені бар. Бұл дегеніңіз – жастардың денсаулығы түзеліп келе жатқанын байқатады. 2018 жылы «жарамсыз жастар» үлесі 11,8 болыпты. Әрине, бір қаланың үлесін тұтас елдегі жағдай деуге келмейді. Алайда медкомиссия мамандары жастардың денсаулығы түзеліп келе жатқанын айтады. Дегенмен майтабандардың орнын көзілдірік тағатындар алмастырып кету қаупі де жоқ емес.
Әскери қызмет – қосымша мүмкіндік
Қазақстанда жастардың 40 пайызының жұмысқа тұра алмай қиналатын кездері жиі болады. Әлеуметтанушылардың зерттеуі былтыр осындай деректі анықтаған. Ал еліміздегі 61 университет түлектерінің 50 пайызын мамандығы бойынша жұмысқа орналастыра алмайды. Міне, жағдай осылай қалыптасып тұрған кезде әскери билет пен «приписной» жұмысқа орналасуға септігін тигізетін тиімді құралға айналып отыр. Мәселен, көптеген мекемеде ер азамат жұмысқа орналасқысы келсе, әскери міндеттілігі туралы құжатты немесе әскери билетті сұрайды. Армия қатарында болмағандар арнайы тіркеуде тұрғанын дәлелдейтін құжат ұсынса, бірқатары әскери билет көрсетіп жатады. Алайда Еңбек кодексіне сәйкес мұндай құжатты сұрату-сұратпау жұмыс берушінің таңдауына қалғанына да бірнеше жыл болған. Бірақ «әскери билеттің» санадағы ізі өшкен жоқ. Содан да шығар, әскери билетті жұмысқа орналасуға ықпал ететін құжат ретінде пайдаланатындар аз емес. Әсіресе, күзет қызметіне бұл құжат ауадай қажет. Ал былтыр жазда елімізде 219,7 мың күзетші бар екені анықталған. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының зерттеуіне қарағанда, былтыр алғашқы жартыжылдықта еңбек нарығында тіпті 4,4 мың күзетші жетіспепті. Демек бұл құжат күзетшілердің «көзірі» болып тұр.
Жалпы армияның көптеген жастар үшін қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік беретін баспалдақ екені жасырын емес. Әскери міндетін өтеп келген жігіттердің алдында бірнеше таңдау тұрады. Бірінші таңдау – құқық қорғау органдары мен құтқарушылар, өрт сөндірушілер сапында жұмыс істеу. Екінші – күзетшілер қатарын толтықтыру. Үшінші – келісімшарт арқылы Қарулы Күштер қатарында қалу. Үшеуі де азаматтардың тұрақты жұмыс тауып, бірте-бірте әлеуметтік жағдайларын түзеп алуына мүмкіндік береді. Біздің сөз басында әскери қызметті әлеуметтік лифтіге теңегеніміз содан. Өйткені Қарулы Күштер қатарында келісімшартпен жұмыс істейтін сарбаздар мен офицерлер саны барлық әскеріміздің 78 пайызын құрайды. Егер Қазақстан Қарулы Күштерінде шамамен 110 мыңдай адам бар екенін ескерсек, онда армия 85 мыңнан астам адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отыр деген сөз. Әрі келісімшарт арқылы әскери қызметте қалу біраз азаматтардың баспана мәселесін де шешіп бергені бар. Әлі де бұл үрдіс жалғаса берері сөзсіз. Былтырға дейін елімізде 20 мың әскери қызметші баспанамен қамтамасыз етілген. 2018 жылы басталған «Әскери баспана» бағдарламасының өзі 974 әскери қызметшіні баспаналы етуге септігін тигізіпті. Демек, «әскери есепке алу» шарасының астарында талай дүние жатыр. Ол – Отан қорғаудан бастап, азаматтардың қоғамнан өз орнын табуына дейінгі түрлі қызметтер атқарып тұр.
Урбанизацияға ықпал етеді десек, сенер ме едіңіз?
Қазақстан Қарулы Күштерінде міндетті борыш өтеп келгендердің біразы қалаларға оралып жатыр. Өйткені сөз басында айтқан күзетші, құтқарушы немесе өрт сөндіруші, полиция қызметкері болу мүмкіндігі ауылдарда емес, қалаларда бар. Сондықтан әскери билет пен әскерге шақыруға тіркеудің урбанизацияға да әсер ететін тұстары кездеседі. Оның үстіне, қалалықтардың оқу мен жұмыстан қол тимейтін кездері болады да, олар қысқамерзімдік ақылы әскери қызмет атқаратыны бар. Сөйтіп, 270 мыңға жуық теңге төлеп әлгі оқуға қатысып, әскери билет алады. Ал ауылдықтарда мұндай мүмкіндік сирек. Сондықтан әскери міндетін өтегендер қалаларға ағылады. Сарапшы Рустам Бурнашев «Ақылы негізде әскери оқу-жаттығуға қатысып, міндетті әскери борышты өтеуден босатылу жүйесі елдің қорғаныс қабілетін арттырмайды, керісінше соғыс жағдайы туа қалса, шақырылатын запастағы әскерлердің сапасын төмендетеді. Елдің мобилизациялық қуатына кері әсер етуі мүмкін», – деген еді. Әрине, қысқа мерзімде әскери даярлықтан өткендер сапалы жауынгер бола алмасы анық. Бірақ біздің әңгіме «әскери билет» төңірегінде болғандықтан, армияның сапасы мен елдің қорғаныс қабілеті жайлы сөз басқа. Демек, қаңтарда басталған әскерге шақыру үшін арнайы есепке алудың елдегі көші-қон мен еңбек нарығына алдағы уақытта әсер ету мүмкіндігі ерекше деген сөз. Бәлкім, әскерге шақыру қағазы бозбаланың санасында түбегейлі өзгеріс жасайтындықтан да болар, армия қатарына алынбағанның өзінде азаматтар екі қолға бір күрек іздеуге кіріседі. Ал сол жұмыстың қалалардан ғана табылуы мүмкін екенін амалсыз мойындаймыз.
Амангелді ҚҰРМЕТ