Премьер-Министрдің айтуынша, отбасында бала күтімі қажеттілігіне байланысты жұмыс істей алмайтынын ескере отырып, мүгедек баласы бар ата-аналарға қатысты қолданыстағы заңнамада бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер көзделген.
Мүгедек бала асырап отырған ата-анаға зейнетақы қалай тағайындалады?
Getty Images
3,004
оқылды

Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының елімізде мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-анаға зейнетақы қалай тағайындалатыны жөніндегі сауалына жауап берді,  - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Үкімет басшысының ресми жауабында отандық зейнетақы жүйесі қалыптасқан және зейнетке шығу жасы қолданыстағы заңнамамен реттелгені айтылған. Алайда мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды ерте зейнетке шығарған жағдайда олардың зейнетақысы өте төмен болады.

«Себебі жеткілікті зейнетақы алу үшін азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге тұрақты қатысуы қажет. Жинақтаушы жүйеге қатысу мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді», - делінген жауапта.

Сонымен қатар Бектенов 18 жастан асқан мүгедек баланы асырағаны үшін мемлекеттік органдар ата-анаға қанша айлық төлейтіні туралы да айтты.

 «2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Оған сәйкес, мүгедектігі бар балаларды (18 жасқа толғаннан кейін) тәрбиелеп отырған ата-аналар жеке көмекші ретінде жұмысқа қабылданады. Жеке көмекшілерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан жалақы (128 716 теңге) төленеді, сондай-ақ тиісті жарналар, соның ішінде міндетті зейнетақы жарнасы аударылады», - деді  Үкімет басшысының ресми жауабында.

Осылайша, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде қажетті еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарының сомасы жинақталады. Бұл, өз кезегінде, оларға зейнетақы тағайындау кезінде негізге алынып, тиісті деңгейде зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мүгедектігі бар баласы 18 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне ай сайын мемлекеттік жәрдемақы 74 428 теңге төленеді. Бұдан бөлек, баланың мүгедектігі үшін жәрдемақысы да сақталады.

Премьер-Министрдің айтуынша, отбасында бала күтімі қажеттілігіне байланысты жұмыс істей алмайтынын ескере отырып, мүгедек баласы бар ата-аналарға қатысты қолданыстағы заңнамада бірқатар әлеуметтік жеңілдік көзделген.

- Ынтымақты және базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күтудің бүкіл кезеңі есепке алынады. Сонымен бірге егер отбасында басқа балалар болса, онда 3 жасқа толғанға дейін оларға күтім жасау уақыты жалпы 12 жыл ішінде де еңбек өтіліне қосылады, - деп нақтыланған ресми жауапта.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.