Биыл жаңа магистральдар құрылысы мен 13 мың шақырым жол жөндеу жұмысы басталады.
Жөндеу жүргізілмегеніне 30-50 жыл болған жолдар толық жөндеуден өтеді – Көлік министрі
220
оқылды

Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты. Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда  91%-ды құрайды.

Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау – Майқапшағай (405 шақырым), Күрті – Қонаев (67 шақырым), Қызылорда – Жезқазған (398 шақырым) және Ұзынағаш – Отар (42 шақырым) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 045 шақырым бірінші техникалық санаттағы жаңа магистральдардың құрылысы басталады.

Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл қазақстандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.

Ағымдағы жөндеумен 6,6 мың шақырым қамтылады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өңіраралық және аудандық жолдарды қосу. Биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ауқымды жұмыстар жоспарланған.

Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 шақырым), Қандыағаш – Шалқар (246 шақырым), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 шақырым), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 шақырым) толық жөндеуден өтеді.