Қызылорда облысы Қазалы ауданы Ақсуат ауылында тұратын бір отбасы 20 жыл бойы құлдықта болғанынайтып, жанайқайын жеткізді.
Қызылордада 20 жыл құлдықта болған отбасы көмек сұрады
Фото: istockphoto.com
1,323
оқылды

Олардың айтуынша, өңірге белгілі кәсіпкер отбасын еркінен тыс ауыр жұмысқа жегіп, қорлық көрсеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz порталына сілтеме жасап.

Қожагелді Жалғасбаевтың сөзінше, 20 жыл бұрын бір қазақстандық кәсіпкер «жұмыс тауып беремін» деген уәдемен отбасымен бірге шекарадан алып өткен. Содан бері оларды айдалада мал баққызып, жалақы төлемеген.

«Мені шекарадан өзі алып өтті. Осы жаққа әкеліп, мал бақтырды. Жиырма жыл өтті. Айтып бармаған адамым жоқ. Құдай айдап, осы ініме айтып, қашып кеттім. Бірақ бала-шағам сонда қалды», – дейді ол.

Оның айтуынша, отбасы мүшелерін бір-бірінен бөліп, ауыр жұмыстарға салған. Балалары мектепке бармаған, тіпті бірінің қолын шауып тастаған.

"Қанша жыл азап көрдім. Ұрып-соғады, айдалада жатамын. Балаларымды көрген емеспін. Баламның қолын мына жерден шауып тастады. Балаларды да ұрып-соғады. Үшеуі де мектепке бармаған. Олардың орнына жалған анықтама жасатыпты", – дейді Қожагелді Жалғасбаев.

Ал оның жұбайы Шолпан Жалғасбаева балаларының екеуін құлдықта жүріп, лашықта босанғанын айтты.

"Балаларымды көрген жоқпын. Бір өзім малдың басында жүрдім. Үлкен ұлды тыржалаңаш далаға шығарып, үстіне су құйған. Осындай қорлық көрсетті", – дейді ол.

Құзырлы органдар бұл жағдайдан екі апта бұрын хабардар болған. Қазалы аудандық полиция бөлімі "Бас бостандығынан заңсыз айыру" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу шаралары жүріп жатыр", – деді Қызылорда облысы Қазалы АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қуандық Оразов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.