Ләззат Бақтиярова халықаралық додадағы жеңісі үшін әкімдіктен сый ретінде пәтер алған. Кейін спортшы көз жұмады, сол кезде әкімдік сыйлықты қайтаруды талап еткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Семейлік спортшы 2022 жылы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында сурдодзюдо бойынша қола жүлде иеленген. Осы жетістігі үшін оған мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік пәтер берілген.
Алайда 2023 жылы спортшы қайтыс болған. Спортшының әкесі заңды мұрагер ретінде тұрғын үйді өзіне қалдыруға өтініш білдіргенімен, Семей қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі жалдау шартын біржақты тәртіпте бұзып, мұрагермен келісім жасаудан бас тартқан.
Мұнымен келіспеген спортшының әкесі сотқа жүгініп, пәтерді меншігіне өтеусіз беру туралы шарт жасасуға міндеттеуді талап еткен. Бұл талапты ҚР Ұлттық Сурдлимпиадалық комитеті қолдап, спортшының жетістігі Қазақстандағы Сурдлимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қосқанын атап өтті.
«Істі қараған Абай ауданының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыға берілген баспана қызметтік тұрғын үй ретінде тіркелгенімен, оның Сурдлимпиада жүлдегері ретінде заңды түрде табысталғанын анықтады.
Сот тұрғын үй қатынастары бөлімінің спортшының әкесі оның отбасы мүшесі емес деген уәжін негізсіз деп тапты», – делінген Жоғарғы сот шешімінде.
Сондай-ақ «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның 47-бабы, 5-тармағына сәйкес, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері қайтыс болған жағдайда, оның баспана алу құқығы мұрагерлеріне өтетіні көрсетілген.
Осыған байланысты сот мемлекеттік органды спортшының әкесімен пәтерді өтеусіз меншікке беру туралы шарт жасасуға міндеттеді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.