Балаларды дұрыс тәрбиелеуге бағытталған «Тұлға дайындау – оп-оңай» кітабының авторы, балалар психологі, көпбалалы ана Ару Сағи нәзік жандылардың қоғамда алатын рөлі, ана мен бала қарым-қатынасы, отбасы құндылықтары жайлы сөз қозғады.
Оның айтуынша, әйел затының басым көпшілігі әрдайым мінсіз жанұяны армандап, сол жолда өзінің құрбанға айналғанын байқамай жатады. Ол қазақ әйелдеріне, қазақ отбасына қатысты қасаң стереотиптерді бұзып, саналы ұрпақ дайындау үшін әуелі саналы ана қажет дейді.
Арудың бала тәрбиесі мен отбасы құндылығы жайындағы өткір пікірлері әрдайым мінсіз жанұяны армандап, сол жолда өзінің құрбанға айналғанын байқамайтын аналарға жол сілтейді. Ол қазақ әйелдеріне, қазақ жанұясына қатысты қасаң стереотиптерді бұзып, саналы ұрпақ дайындау үшін әуелі саналы ана қажеттігін жете түсіндіріп жүр.
Бүгін біз әйелдерге арналған Aru Academy қорының негізін қалаушы, балаларды дұрыс тәрбиелеуге бағытталған «Тұлға дайындау – оп-оңай» кітабының авторы, білім беру саласындағы People Awards: «Балалар мен жеткіншектерді жыныстық тәрбилеу әдістемесі» дәстүрлі жүлдесінің иегері, аналарға арналған үздік онлайн-платформа авторы, әйелдер біліміне қатысты жеке кәсіпкер, блогер Ару Сағи жайлы әңгіме қозғаймыз.
Даму даңғылы
Ару Сағи әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмадаған. Өзінің бұқаралық ақпарат құралдарындағы алғашқы қадамын облыстық «Атырау» газетінен бастайды. Әрбір қазақ әйелі секілді, Ару да декрет пен жұмысты қатар алып жүрді, келіндік және аналық міндетін барынша абыроймен атқаруға тырысты.
Ал 2019 жылдан бастап өзінің әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізе бастайды. Көп ұзамай, жазылушылар саны да арта түсті. Себебі, Арудың таңдаған тақырыбы аналарға аса қажет болатын. Ол саналы ана болу, баланы дұрыс тәрбиелеу, бала психологиясына бойлау сынды өте нәзік мәселелерді түсінікті тілде жеткізіп беретін. Ал бала өсіріп отырған әрбір әйел үшін мұндай ақпараттар қазақ тілінде қолжетімсіз еді. Ол әйелдерге жол сілтемес бұрын, шетелдік курстар мен коучтардың алдын көріп, халықаралық дәрежедегі сертификатталған маман атанды. Одан бөлек, 10 жасқа дейінгі балалар психологы ретінде де өз білімімен бөлісіп жүр. Ең бастысы – ол өзі өсіріп отырған ұл-қыздарына қарап, қазақ отбасындағы бала тәрбиесінің маңызына атүсті қарамау керектігіне нақты көз жеткізген.
«Әр адам өз қателігінен сабақ алады. Бесінші баламды өмірге әкелген мен бірден саналы ана болып кеттім демеймін. Бүгінгі дүниетанымыма жету үшін мен түрлі жолдан өттім, мың сүріндім, қайта тұрдым. Оқыдым, іздендім. Әсіресе, бала тәрбиесіне қатысты кеңінен ізденуге өзімнің үлкен қызыммен арада болған оқиға әсер етті. Бірде ол үйге жылап кірді. Құлап қалған екен. Өзім сыртқа асығыс шығып бара жатыр ем, қызымның осылай кіріп келгені одан сайын ашуландырды. Сөйттім де, оған айғайлап, далаға атып шығып, көлігіме отырдым. Сол кезде мен өзімді ең нашар ана сезіндім. Қызым жылап тұрғанда, дәл осылай «бас салғанымды» кешіре алмадым. Үйге қайта кіріп, қызыммен сөйлесіп, оған бар мейірімімді төгіп, киімін бүлдіріп алғанда тұрған ештеңе жоқ екенін айтқан соң, жеңілдеп қалдым. Былай қарасаң, әдеттегі отбасылық жағдай сияқты. Бірақ осы бір оқиғадан соң менің көзқарасым түбегейлі өзгерді. Ана болу табиғи құбылыс қана емес, үлкен дайындықты талап ететін міндет екенін түсіндім», - дейді ол.
Ару Академиясы
Қазіргі таңда Ару Сағи әйелдерге арналған академияның жұмысын дөңгелетіп отыр. Мұнда ол өзінің жылдар бойғы ізденісінің нәтижесімен бөлісіп, отбасы институтын құруға, саналы ана ретінде қалыптасуға көмектеседі.
Арудың бірнеше жобасы бар және олардың барлығы әйелдерді қолдау арқылы қоғамды нығайтуға бағытталған. Ол өзінің бизнесін мықты болашақ құруға, білім беру ортасын жақсартуға және экономикалық дамуға арналған құрал деп есептейді. Әлеуметтік бастамалар мен білім беру бағдарламалары арқылы ол әйелдердің қоғам өміріне белсенді араласып, өз елі мен өз отбасының дамуына зор үлес қосуына көмектеседі.
«Мектеп пен Универ жақсы жар, ана болуды үйретпейді. Ару Академиясы осы олқылықтың орнын толтыру үшін ашылды. Бақытты бала тәрбиелеудің дайын формуласы бар. Ол мейірім мен тәртіптің нақты мөлшерін білу.
Ару Академиясы – ата-ана мен бала арасындағы көпір. Байланысты көркем қарым – қатынасқа айналдырып, проблеманы шешетін жер. Ғылыми ақпарат пен шариғат аясындағы білім, қарапайым әйел тілінде түсіндіріледі», - дейді тәжірибелі маман.
Бүгінде Ару әйелдерге арналған білім беру бағдарламаларымен жасақтаумен, ана болу және отбасылық тәрбие бағытындағы жобалармен айналысады. Сонымен қатар, саналы ата-ана атануға арналған кітап жазып, өзекті тақырыптар жайлы өтімді контент жасауымен ерекшеленеді. Ол болашақта «Ару Академиясын» ақылы курстардан бөлек, мобильді қосымша ретінде дамытуды көздеп отыр. Бұл әйелдерге ыңғайлы, түсінікті және қолжетімді жоба болмақ. Аналар қосымша арқылы өздеріне жаңа құрбы тауып, бала тәрбиесіне, отбасылық мәселелерге және саналы ана болып қалыптасуға қатысты түрлі ақпарат алып, өздерін дамыту жолындағы кезекті белеске көтеріледі. Сондай-ақ, қосымшада білікті дәрігерлер, аналарға кеңес беретін түрлі маман иелері де болмақ. Бір сөзбен айтқанда, аталған қосымша аналарға арналған шағын анықтамалық болмақ.
Бұл жобаны халықаралық деңгейге көтеру мақсаты да тұр. Болашақта «Ару академиясы» бірнеше тілде жұмыс істейтін үлкен платформаға айналады.
Жетістік жолында
2024 жылдың қараша айында Ару Сағи GOLD BAR ASIA AWARD халықаралық жүлдесінде құрметті әділ-қазылар қатарында болды. Бұл жүлде жоғары беделдің, көшбасшылық пен білім беру, әлеуметтік бастамалар және кәсіпкерліктің символы саналады.
Сондай-ақ, GOLD BAR ASIA AWARD беделді жүлде ғана емес, отбасылық құндылық, ата-аналарға арналған әдістемелер, әлеуметтік бастамалар мен психология, бизнес, әлеуметтік медиа сынды салалардағы жаңа идеялардың, жаңа бастамалардың платформасы.
Ару Сағи саналы ана болуға арналған қазақ тіліндегі алғашқы білім беру ортасының негізін қалаушы. Кітап жазу, білім беру және бала психологиясына қосымша ол «Айтылмаған әңгіме» атты өзінің жеке YouTube арнасын да жүргізе бастады. Бұл арнада бала тәрбиесі, ер мен әйел қатынасы, бала мен ана байланысына арналған құнды мәліметтер айтылады.
«Ешбір әйел мінсіз болуға міндетті емес. Адам болған соң, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Бірақ, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан қызылды-жасылды қазіргі қоғамда біз бала тәрбиесі, отбасы құндылығы деген нәрселерді еш ұмытпауымыз керек. Содан соң, оқудан, ізденуден, қателігімізді түзетуге ұмтылудан ұялмағанымыз жөн. Себебі, саналы анадан саналы бала туады», - дейді балалардың жыныстық тәрбиесі бойынша сарапшы, ата-аналарға арналған алғашқы қазақтілді Aruacademy платформасының негізін қалаушы Ару Сағи.
Ару Сағидың бала тәрбиесіне байланысты жазған «Тұлға өсіру – оп-оңай» туындысы оқырмандар арасында бестселлерге айналды. Кітап азғантай уақыттың ішінде түгел сатылып, еліміздегі ірі букинистердің сөресінен тез таусылып қалды. Алдағы уақытта автор бала тәрбиесіне қатысты тағы бір кітап жазуды көздеп отыр. Бұл жолы кітап жазуға қарапайым қазақ әйелдерінің басынан өткен хикаялар себеп болмақ.