Мәжіліс Cпикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, Өзбекстанмен арадағы халықаралық келісімді де ратификациялады.
Азаматтық қорғау талаптары күшейтілмек
139
оқылды

Мәжіліс депутаттары азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оның аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс және сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы жекелеген талаптар күшейтілген. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов заңнамалық өзгерістер туралы толығырақ түсіндіре келе:

– Төтенше жағдайлар министрлігіне биіктігі 28 метр­ден асатын ғимараттар мен адамдар жаппай жиналатын объектілерді пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қоры­тынды беру өкілеттігі беріледі. Сондай-ақ жаңа­дан жобаланатын Хан Шатыр, ЭКСПО сияқты құ­рылысы ерекше объектілерге қатысты арнайы техникалық шарттарды келісу нормасы енгізіледі, – деді министр.

Технологияларды, құрал-жабдықтарды және жұмыс әдістерімен бірге, қайта жабдықтау процесін тиімді ұйымдастыру үшін министрлікке қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жабдықтаудың жиынтық жоспарын келісу құзыреті беріледі. 

Сейсмикалық аймақтарда орналасқан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа жүйелік тәсілдер енгізіледі. Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға сейсмикалық қауіптілікке бағалау жүргізу өкілеттігі беріледі. Мұнда халықты жер сілкінісінен қорғау және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар көзделеді.

Азаматтық қорғаныс бойынша жекелеген нормалар қарастырылған. Қазір азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарының бір бөлігі жекеменшікте. Оларды есепке алу тәртібін белгілеу үшін құқықтық кадастрда жеке жылжымайтын мүлік объектісі ретінде құрылыстарды тіркеу енгізіледі.

Жаһандық және өңірлік төтенше жағдайлар кезінде тұрақты жұмыс істейтін Республикалық жедел штаб құрылады. Оның негізгі функциялары – төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі шараларды әзірлеу, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ іс-шаралардың орындалуын бақылау. 

Шыңғыс Әрінов заң жобасының негізгі бағыттарының бірі азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін атап өтті. Оларға тұрғын үй өтемақысы және қызметі бойынша басқа өңірге көшкені үшін қосымша төлем төленеді. Төтенше жағдай, соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай жарияланған аймақтарда жұмыс істегені үшін үстемеақы белгіленеді. Үстемеақы ақшалай қаражаттың 3 еселенген мөлшерінде төленеді, ал еңбек өтілінің бір күні үш күнге есептеледі. Ерікті өрт сөндіру бөлімшелері үшін де материалдық ынталандыру шаралары қарастырылған.

Түзетулерді талқылау Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Аян Зейнуллин жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыс­тарында жалғасады.

Сонымен қатар мәжілісмендер Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификация­лады. Түзетулерді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.

– Орталық «Атамекен» (Қазақстан) және «Гүліс­тан» (Өзбекстан) бақылау-өткізу бекеттерінің жанында орналасады және оның құрамына өндіріс орындары, қоймалар, көлік инфрақұрылымы кіреді. Бұл жүк тасымалдауды жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, жеткізу тізбегіне қатысушылардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің түпкілікті құнын төмендетуге, жеткізу жылдамдығын арттыруға және «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі аясындағы өндірістік ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді, – деді министр.

Орталықтың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды, оның жартысы – Қазақстанға, екінші бөлігі Өзбекстанға тиесілі. Белгіленген аумаққа өңірлік индустриялық аймақ мәртебесі беріледі. Орталықтың инфрақұрылымы бюджеттен тыс қаражат есебінен салынады. Түркістан облысы әкімдігі негізгі инвес­торды анықтады. Орталықтың ресми ашылуы 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.

Орталық жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін өңдеуге, машина жасау, металл өңдеу, фармацевтика, электротехника, химия, былғары, тоқыма және тігін өнеркәсібін дамытуға қолдау көрсететін болады.

Сонымен қатар жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын, атап айтқанда, топырақты қорғау туралы және жасанды интеллект туралы заң жобалары мен оларға ілеспе түзетулер, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске енгізілетін түзетулер және Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау жобасын жұмысқа қабылдады.

Мейір ЖАСЫН