Астанадағы ойын-сауық орталығына барып, әшекей сататын дүкен туралы сауалнама жасамақ болған әншіні күзетшілер рұқсат жоқ екенін айтып, шығарып жіберген, – деп жазды Aikyn.kz.
Әншінің айтуынша, «Хан Шатыр» орталығына кірген кезде тыңдармандары әншімен суретке түскен. Сол кезде әнші әлеуметтік сауалнамасын жүргізген. Бірақ ойын-сауық орталығының күзетшісі әншінің әрекеті заңсыз екенін айтқан.
«Әкімшіліктен рұқсат алдыңыз ба дейді. Ол қайдан шыққан заң? Қарапайым халық келіп менімен суретке түсу үшін, сен олардан сауалнама алғаным үшін әкімшіліктен рұқсат сұрауым керек пе? Бұның бәріне кім қарайды? Командаммен келіп, клип түсіріп жүрсем әңгіме басқа. Қарапайым халықты түртпектегенді қашан қояды екен», - дейді Алтынай Жорабаева.
Әнші еліміздегі көпшілік нысандарда фото, видеоға түсіруге тыйым салынғанын айтып, шағымын жеткізді. Ол шетелдерде мұндай проблемаға тап болмағанын айтады.
«Қаншама елге барып жүрміз, осындай видеолар түсіреміз, жүрген адамдарға сұрақ қоямыз, жауап беріп жатады. Ешқандай күзетші келіп «бұл жерде түсіруге болмайды, бұлай жасамаңыз» демейді. Біздікі тек шаш ал десе бас алып, тексеру керек нәрсені тексермей, тексермеу керекті тексеріп жүреді. Заңды өздері толығымен түсінбейді, қалай келіп сөйлеуді де білмейді. Бізде суретке түсуге тыйым салатын жерлер өте көп. Ұшаққа мінейін деп тұрғанда түсіртпейді, ғимараттарда түсіртпейді, шетелде мұндай мәселе жоқ»,- дейді ол.