Алтай Көлгінов коронавирусқа байланысты елорда тұрғындарына үндеу жариялады.
Хабарламада вирустық инфекциядан сақтану шаралары мен маңызды ақпараттар айтылған.
"Елордада коронавирус инфекциясының жаппай тарау қаупінің алдын алу жұмыстары күшейтілді.
1. Шұғыл әрекет ету штабы жұмыс істеп тұр. Коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда қалай әрекет етудің алгоритмі жасалды. Инфекция жұқтырғаны туралы күдік болған жағдайда, емделушілерді арнайы стационар қабылдайды.
2. 109 шұғыл қызметіне «коронавирусқа қатысты сұрақтар бойынша кеңестер» атты қосымша модуль енгіздік. Медицина қызметкерлері жұмысына тыңғылықты дайындалған, қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. Медициналық бетперделердің алғашқы легі жетті. Тағы да қосымша әкелінеді.
3. Санитарлық-дизинфекциялық режимді күшейтіп, вокзалдарға, әуежайға, сауда, ойын-сауық орталықтарына, қонақ үйлерге дезинфекция құрылғыларын орнатып жатырмыз. Меншік иесіне қарамастан бұл жұмыстарға барлық кәсіпкерді атсалысуға шақырамын.
Автобустарды дезинфекциялау жұмыстары соңғы аялдамаларға орнатылған авто жуу бекеттерінде жүргізіліп жатыр.
Білім беру мекемелері мен адамдар көп жиналатын орындар бойынша да шаралар қолға алынды. Мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап демалысқа шығып, колледж және ЖОО студенттері қашықтықтан оқу жүйесіне көшеді. Қосымша үйірмелер мен кинотеатрлар жұмыс істемейді. Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар өткізілмейді.
4. Қала тұрғындары Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қолдануы қажет. Қолды сабындап жиі жуу, антисептиктер пайдалану, қол алысудан бас тарту, жеке бас гигиеналық заттарды ғана пайдалану, гаджеттер мен техникалық құрылғыларды дезинфекциялау, тұмаудың белгілері бар адамдармен тығыз қатынастан бас тарту, тағы басқаларды тәртіпке айналдыру керек.
5. Тұрақтандыру қорынан қосымша қаражат қарастырылып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаға «Magnum», «Астықжан», «Кеңмарт», «Small» және «Шапағат», «Евразия», «Артем», «Биг Шанхай» базарлары қатысуда. Тұрақтандыру қорынан бөлінген қаражат арқылы қала наубайханаларына қолдау көрсетіліп жатыр. Әлеуметтік нан бағасын тұрақты ұстап тұру үшін қосымша ұн қоры да жасақталды. Азық-түлік жеткілікті. Сондықтан, байбалам салуға негіз жоқ.
Коронавирус инфекциясының кеңінен таралуына жол бермеу бойынша жұмыстар мемлекет басшылығының бақылауында.
Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы азаматтардың өздеріне байланысты. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағанда ғана өздеріңізді және жақындарыңызды қорғап қаласыздар. Бұл қиыншылықты да бірге жеңетінімізге сенемін", – делінген үндеуде.