Қазақстандағы Еуропалық одақтың негіздемелік бағдарламаларының Ұлттық үйлестіру орталығы – «Ғылым қоры» қоры MSCA-NET RADIANCE консорциумының мүшесі атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
RADIANCE жобасы Maria Skłodowska-Curie (MSCA) гранттық бағдарламасының ұлттық үйлестірушілерінің жұмыс сапасы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Horizon Europe бағдарламасына кірмейтін мемлекеттермен өзара әрекетті жақсартуға бағытталған.
Жобаның мақсаты – ұлттық үйлестірушілердің біліктілігі мен ақпараттандырылу деңгейін көтеру, бұл өз кезегінде зерттеушілер мен ғалымдардың өтінім сапасын жақсартуға тікелей ықпал етеді.
MSCA-NET RADIANCE консорциумы Швейцария, Германия, Франция, Италия, Испания және Исландия секілді елдердің үкімет деңгейінде жұмыс істейтін 26 жетекші ұйымын біріктіреді.
Қазақстан бұл жобаға қосыла отырып, Орталық Азия мен ЕО құрамына кірмейтін мемлекеттердің мүдделерін таныстырады. Бұл аймақтың ғылыми бастамаларын ілгерілету үшін бірегей мүмкіндік береді.
Жобаға қатысу қазақстандық зерттеушілерге жаңа көкжиектер ашады. Maria Skłodowska-Curie бағдарламасы кең гранттық мүмкіндіктер ұсынып, RADIANCE арқылы жергілікті ғалымдарға өтінім сапасын арттыруға қажетті ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл олардың Horizon Europe байқауларына қатысуын кеңейтеді.
Болашақта бұл бастама елдің ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтып, қазақстандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялануына маңызды қадам болмақ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.