Көршілермен бірге терезені сындырып, ішке енген оқушылар әжейдің ес-түссіз жерде жатқанын көреді.
Оқушылар 85 жастағы әжеге дер кезінде көмекке келіп, аман алып қалды
Фото: Абай облысы әкімдігі
385
оқылды

Оқыс оқиға Көкпектіде болған. Аудан орталығындағы мектептің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары «Үлкенге құрмет» акциясының аясында қариялардың ауласын қардан тазартып, үй жұмысына көмектесіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, кезекті мәрте қолғабыс етуге шыққан Расул Бақтыбеков, Ертай Айыпқазы, Ерасыл Дәуітхан жалғызбасты Фелисада Арабеж әжейдің үйіне барады. 

«Әжейдің үйіне офицер-тәрбиешіміз Талғат Тоқтарұлының жетекшілігімен бардық. Біз келгенде үйдің ішкі жарығы қосылып тұрды. Есікті қағып, қоңырау соғып едік, жауап болмады. Бұл бізге күмән туғызып, көршілерден әжейді соңғы рет қашан көргенін сұрадық. Олардан қарияны соңғы 2 күннен бері сыртқа шықпағанын ести сала шұғыл әрекет жасауға шешім қабылдадық», – дейді оқушылардың бірі Ертай Айыпқазы.

Көршілермен бірге терезені сындырып, ішке енген оқушылар әжейдің ес-түссіз жерде жатқанын көреді. Бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер қажетті ем-домын жасаған. Осылайша, оқушылар мен олардың тәрбиешісінің қырағылығының арқасында бір адамның өмірі құтқарылды. 

85 жастағы Фелисада Арабеж әжей қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Аудан әкімдігі «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары мен жетекшісіне алғыс білдіріп, олардың ерлігі мен адамгершілігін ерекше атап өтті. 

Қазір осы жас сарбаздың ерлігі ел аузында айтылып жүр.