Айтыскер ақын, психолог Айнұр Тұрсынбаева жаңадан ашқан бизнесін сынағандарға жауап берді, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол сұңғыла өсімдігінің шетелге сатылып жатқанына алаңдайтынын жеткізді.
“Кішкентай кезімнен сұңғыланың тамырын қытайлар тонналап әкетіп жатқанын көзімізбен көрдік. Бірақ "Қытайлар бізді тонап жатыр" деп бір адам айтты ма?! Жоқ! Сол тамырдың қызығын өзіміз көрейік деп зауыт соқтық, бірақ біз тонаушы болып шыға келдік. Логика қайда?" – деп жазды психолог.
Айтыскер ақын аяқтан шалуға дайын тұратындарға ренішін білдірді.
“8 жыл Ресей компаниясында жұмыс істедік. Командада 100 мыңға жуық адам болды. Табыстың басым бөлігі Ресейге кетіп жатты. Бірақ бірде-бір сайт "Орыстар бізді тонап жатыр" деп жазды ма?! Жоқ! Гербалайф Қазақстанда 30 жыл үздіксіз жұмыс істеді. "Бізді Америка тонап жатыр" деген бір қазақ болды ма?! Жоқ! Біз заңды түрде тіркеліп, барлық өнімімізді сертификаттап, стандартқа сай жұмыс істесек те, бірден сынға іліктік. Түркиядан, Қытайдан, Кореядан серіктестеріміз келіп, біздің жұмысымызға жоғары баға берді. Бірақ қазақтың жауы – қазақ! Аяқтан шалып, құлатуды білеміз! Сөзбен сындырып, жылатуды білеміз!" – деп ашуланды ол.