Біз жасанды интеллект көмегімен күнде ашылып жатқан жаңалықтарға үйрене бастадық. Адам өмірі өзгеріп, басқаша мазмұнға ие болғанын көпшілігіміз байқамаймыз.
Жасанды интеллект болаттай берік, көбіктей жеңіл ғажап материал ойлап тапты
ЖИ жасаған ғажайып материал көбік полистирол сияқты жеңіл, көміртекті болат сияқты берік. Иллюстрация Linkedin әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: SingularityNET аккаунты
915
оқылды

Aikyn.kz жасанды интеллектуалды жүйенің көмегімен ашылған жаңа материалды Advanced Materials материалында жарияланған ғылыми мақалаға сүйеніп талдайды.

Инженерлер жаңа заттың беріктігін, салмағы мен ұзақ уақыт төзімділігін сақтауын оңтайландыру үшін әртүрлі тәжірибе жасауға бірнеше жылдарын жұмсайды. Фото icl-group.com сайтынан алынды

ЖИ ашқан тағы бір ғажайып жаңалықпен танысыңыз. Канадалық ғалымдар ЖИ-ді жаңа материал жасауда қолданып көрді. Бұл жолы олар ЖИ-ге ультра жеңіл, бірақ керемет мықты жаңа материал жасауда пайдаланды. ЖИ жасаған ғажайып материал көбік полистирол сияқты жеңіл, көміртекті болат сияқты берік болып шыққан.

Әдетте материалдармен айналысатын инженерлер жаңа заттың беріктігін, салмағы мен ұзақ уақыт төзімділігін сақтауын оңтайландыру үшін әртүрлі тәжірибе жасауға бірнеше жылдарын жұмсайды. Бірақ ақылды машиналар дәуірі ойын ережелерін өзгертуде.

Advanced Materials (Озық материалдар) журналында 2025 жылы 23 қаңтарда жарияланған мақалада Торонто университеті мен Кореяның озық ғылым және технология институтының (KAIST) зерттеушілері ЖИ-ді өте көп нано-құрылымдарды талдауға қолданған. Ауыр жүктемелер артылғанда нано-құрылымдардың қандай топологиясы өте берік болатынын анықтауды ЖИ-ге тапсырған. Жасанды интеллект жүйесі зерттеушілерге таңғажайып материалдың құрылымын ұсынған.

ЖИ бұрын-соңды қолданылмаған мүлдем жаңа тор геометрияларын тапқан. Зерттеушілер бұл құрылымдарды 3D басып шығарған. Нәтижесінде қазіргі ең берік материалдармен салыстырғанда екі есе күшті және титаннан бес есе күшті ультра жеңіл нано-торлар жасалған.

Жаңа топологиямен жасалған материалды ұшу аппараттарын жеңіл және берік, үнемді жасауға қолдануға болады. Фото msingermany.co.in сайтынан алынды

Материалтанудағы ең үлкен қиындықтардың бірі – беріктік пен қаттылықтың тепе-теңдігін табу. Керамикалық түскі ас табақ берік, бірақ қатты болғандықтан тез сынады. Әрине, ол көп салмақты көтере алады, бірақ ол морт сынғыш. Дәл осындай проблема нано-құрылымды материалдарға да қатысты. Олар керемет қатты, бірақ сол қаттылыққа байланысты оңай сынады.

Дегенмен ЖИ жасаған жаңа ғажайып материал бұл мәселені шешеді. Ол жеңіл болғандықтан ұшақтардың, тікұшақтар мен ғарыш кемелерінің салмағын азайтып, жанармайды үнемдейді. Сонымен қатар жаңа материал төтенше жүктемелерге төтеп беруге жеткілікті берік. Осы материалды қолдану арқылы ұшу аппараттарын жеңілірек және берік, үнемді жасауға болады.

Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі ұшақтардағы титан компоненттерін осы жаңа материалмен ауыстыру арқылы мыңдаған литр жанармай үнемдеуге мүмкіндік ашылады.

Ақылды роботтар мен интеллектуалды жүйелерді қолдану жасампаздық пен бейбіт мақсатта болғаны маңызды. Иллюстрация SciTechDaily.com сайтынан алынды

ЖИ-ді қолданып берік, жеңіл материалдардың құрылымын ашу машина жасау өнеркәсібі ғана емес, адам өмірінің барлық саласын өзгерте алады. Оның қолдану мүмкіндіктерін болжаудың өзі қиын. ЖИ жаңа материалдардың құрылымын тапты, енді зерттеуші инженерлер жаңалықты өндіріске енгізумен айналысады. Түпкі мақсат қандай? Ғарыш аппараттары, жоғары өнімді көліктер және тіпті ғимараттар тұрғызуда да күшті және жеңіл материалдар жасалады. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, материалдардың келесі буыны осыған дейін адам инженерлер жасаған кез келген заттан жеңіл, берік және серпімді болуы мүмкін.

Жасанды интеллект жүйелері таңғажайып материалдарды тауып қана қоймайды, ол мүлдем жаңа жетістіктерге жол ашуға қабілетті. Тек ақылды роботтар мен интеллектуалды жүйелерді қолдану жасампаздық пен бейбіт мақсатта болғаны маңызды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.